Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ғимаратында оқу семинары өтті. Бұл оқу семинарында автомобиль жолдарын жөндеу және салу кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын бақылау, орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жасау, диагностикалық, аспаптық тексеріс жүргізу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Көрнекі фото сайт архивінен
Ең әуелі аталған басқарманың басшысы Марат Қуаншәлиев сөз алып, іс-шараның мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ семинарға қатысып отырған мамандарды жұмысты уақтылы орындап, нақты нәтижеге қол жеткізе білуге шақырды. Содан кейін ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өкілдері тәжірибе бөлісті.
– Біз жаңа технологияларды енгізу арқылы жолдардың сапасын жақсартуға ұмтыламыз. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, оларға қолайлы жағдай жасаймыз. Автомобиль жолдарына инспекциялық бақылау жүргізіп, нысанның жобалық құжаттамаға сәйкестігін тексереміз. Техникалық құжаттарды да назардан тыс қалдырмаймыз. Сондай-ақ тексеру нәтижелері бойынша қорытынды шығарып, олқылықтардың орнын толтырамыз. Жоспар әзірленіп, бекітіледі. Тапсырыс беруші жұмыстың және жол құрылысына қажетті материалдардың сапасын бақылауы тиіс. Ал мердігер белгіленген нормативтік талаптарға, технологиялық регламенттерге және конструкторлық құжаттамаға сәйкес жұмыс жүргізуге міндетті, – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-ның сапаны бақылау жөніндегі маманы Диляра Қонаева.
Өз кезегінде жол құрылысына қатысты мекеме, кәсіпорын мамандары сауал-сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Денис Малофеев, Әлібек Бижанов, Азамат Қалташбаев және Дәурен Амиров секілді «ЖАСҰО» РМК БҚО филиалының қызметкерлері жол сапасын жақсарту мақсатында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Оқу семинарын өткізудегі басты мақсат – тәжірибе алмасу, жол құрылысын жүргізу кезінде кездесетін кедергілерді жеңу амалдарын қарастыру. Мамандарға пайдалы ақыл-кеңестер айтылуда. Бүгінде өңірімізде жол сапасын жақсарту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы мәліметке сүйенетін болсақ, Батыс Қазақстан облысындағы автокөлік жолдарының 55%-ы ғана қанағаттанарлық жағдайда. Республика бойынша ең төменгі деңгейдеміз. Облысымызда күзде, көктемде, жауын-шашын көп жауатын уақыттарда жүру мүлде мүмкін болмайтын жолдардың бар екені рас. Биыл бекітілген жоспарға сәйкес өңіріміздегі аутокөлік жолдарының сапасын жақсарту жұмыстарына 46 млрд теңге қаражат бөлінеді. Былтыр 727 мәрте бақылау жұмысы жүргізілді. Біздің негізгі міндетіміз – олқылықтардың орнын толтыру емес, оларды болдырмаудың әдіс-айлаларын табу. Алдағы уақытта осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілмек, – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалы мемлекеттік есеп және сапа бөлімінің басшысы Дәурен Манарбекұлы.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»