Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Интернет алаяқтардан сақ болыңыз!» деген атаумен іс-шара ұйымдастырылды.

Оған университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, БҚО Полиция департаментінің өкілдері және оқытушылар мен қызметкерлер, жоғары курс студенттері қатысты.
Алдымен сөз алған университет басшысы Асқар Мырзахметұлы шараның мақсатына тоқталып, келген қонақтармен таныстырды. – Қазір – ақпараттық технология заманы. Мұның тиімді жағымен қатар қауіптілігі де жоқ емес. Ғаламтор арқылы адамдарды түрлі тәсілдермен алдап-арбап, зардап шектіру оқиғалары көптеп кездеседі. Бәріміз де ұялы телефонды қолданамыз, интернеттің көмегіне жүгінеміз. Сондай сәттерде сақ болуымыз қажет екен. Университетімізге арнайы келген тәртіп сақшыларының басты мақсаты да осы, азаматтарды интернет алаяқтардың құрбаны болудан сақтандыру, – деді ректор.

Өз кезегінде БҚО Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев интернет алаяқтардың құрбаны болу, олардың зардабын тарту – өзекті мәселе екенін атап өтті. Аталмыш департаменттің кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Артур Мұсағалиев интернет-алаяқтардың азаматтардың сеніміне кіру арқылы алдау тәсілі, олардан қорғану жолдары туралы толықтай түсіндірді.
Сондай-ақ жиын барысында интернет-алаяқтардың құрбаны болған азаматтар өздерінің оқиғаларымен бөлісті. Шараға қатысушыларға алаяқтықтың осы түрі туралы бейнефильм көрсетіліп, ақпараттық парақшалар таратылды.
БҚАТУ медиа орталығы