21.02.2025, 9:30
Оқылды: 217

Сотта өткен бір дәріс

Өмір адамға тек жақсылығын тоса бермейді, кейде қиындығымен де сынға алады. Сондай шақта сынаққа төтеп беріп, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп өтуге қызықпай, жаза баспау шарт. Өткен аптада сотта тұрмыстық ауыртпалыққа шыдай алмай, мұқтаждық қысқанын желеу етіп, бәтіңке ұрлаған жасөспірімнің ісі қаралды. Бұл отырыстың ерекшелігі – оған Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенттері қатысты. Мақсат анық – қателікке ұрынған өспірімнің мысалында өрендердің құқықбұзушылыққа баруының алдын алу.

Ақжайық аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Гүлжиһан Сағитова сот отырысын ашық деп жариялаған соң, мұнда осыдан 6 ай бұрын ұрлыққа барып,  шартты түрде жазаға тартылған  жасөспірімнің ісі тыңдалды.

IMG_8537

... Әлқиссадан бастайық. Болатбек  (есімі өзгертілген) аз қамтылған көпбалалы отбасында өскен. Әрине, ер жеткенде, баланың әдемі киініп, бойын түзеп, замандастарымен қатар болғысы келеді. Болатбектің де арманы осы еді – достарынан қалғысы келмеген. Бірақ баласының қалағанын алып беруге әке-шешенің қаржылық дәрмені қайдан жете қойсын?! Оның еңбек етіп, табыс табуына, солайша ата-анасына қолғабыс болып, өзгелермен теңесуіне болар еді, әттең, Болатбектің жаза басқаны болмаса.

Бірде ол мешіттің жанынан өтіп бара жатқан. Алла үйінің табалдырығына келгендер шешіп тастап кеткен аяқ киімдердің ішінен  өзі бұрыннан аңсап жүрген бәтіңкенің көзіне оттай басылғаны. Айналада мұны алда-жалда байқай қоятын ешкім жоқ. Еш ойланбастан Болатбек ұнаған бәтіңкесін қолтығына қыстырып кете барды...

«Ұрлық түбі – қорлық» демекші, ұрлықпен келген дүние, жиналған мүліктің ешқашан адамға пайда әкелмейтіні рас. Бұған Болатбектің көзі анық жетті. Бір сәттік қызыққа елітіп, тегін болып көрінген дүниені олжалауға тырысқан ол көп ұзамай ұсталды. Үстінен іс қозғалып, 1 жылға шартты түрде бас бостандығы шектелді. Болатбек өкінбеді дейсіз бе, әрине кері қылыққа бой алдырып, қылмысқа барғанына өкінді. Әттең, кеш...

Пробацияның бақылауына алынған ол жаза арқалаған 6 ай ішінде түзелуге барын салды. Жастықпен барған қылмысын өтеуге тырысты. Бизнес нысанына жұмысқа тұрып, адал еңбекпен тапқан нанның дәмін татты. Мұны осы сот отырысында сөз алған пробация өкілдері растап тұр. Әйткенмен түрмеге тоғытылмады демесең, жазаның аты жаза. Сондықтан Болатбек қалған мерзімінде жазадан босатуды сұрап, сотқа өтініш түсірген.

Мәселенің мән-жайы сотта толық қаралып, абырой болғанда, сот Болатбектің бұл өтінішін қанағаттандырды.

Бұл жақсы аяқталған тек бір оқиға ғана. Шүкір, Болатбек өзінің қылмыс жасағанын түсініп, дұрыс өмірге бет бұрды. Ал қылмыстың артынан қылмыс жасап, кесірге белшесінен батып жатқандар қаншама?! Ойлантатын жайт.

Сот отырысынан соң сот төрағасының міндетін атқарушы Г.Сағитова осы жөнінде айта келіп, өскелең ұрпақтың жамандық атаулыдан аулақ жүру керектігін қаперледі.

– Президентіміз адал азамат, адал еңбек, адал табыстың бір-бірінен ажырамайтын ұғым екенін Ұлттық құрылтайда басым атап өтті. Расында да, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбекпен тапқан табыс қана құт, береке әкеледі. Осыны саналарыңа мықтап сіңіріп алыңдар. Жаңа ғана көрдіңдер, оңай жолмен пайда табамын деп, ала жіпті аттаған өреннің қалай өкінетінін. Жалғыз ол емес осындай, көп. Өкінеді олар, себебі сотта тағылған жаза келешек өмірдің парағына дақ болып түсті. Жаман әдеттен аулақ болып, оқуларыңды жақсы оқып, ата-ана, ұстаздарыңды сыйлап, жақсылыққа ұмтылыңдар. Әрқайсың Қазақстанның азаматы деген атаққа кір келтірмеудерің керек, – деді ол.

Аталмыш сот отырысы студенттерге  өмірлік үлкен дәріс болғаны сөзсіз. Сөз алған колледж ұстаздары, жас өрендер мәдениеттілік, ізгілік қағидаттарын сақтаудың маңызы туралы ой бөлісті.

Әсел Сағын,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале