Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Мектеп пен университет арасындағы ынтымақтастық: тарих пәні мұғалімдерімен шығармашылық бағытты жетілдіру жолдары» атты семинар өтті.

Шараны ұйымдастырған философия докторы (PhD), аға оқытушы Мақсот Жанғожиевтің айтуынша, басты мақсат – мектеп пен университет арасындағы өзара тәжірибе алмасу мен кәсіби байланысты нығайту, мұғалімдер мен оқытушылардың шығармашылық ынтымақтастығын дамыту.
Семинар барысында А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББ мектебінің тарих пәні мұғалімі, педагог-модератор Тілеген Есентеміров «Мектеп музейінің оқушыларға патриоттық тәрбие берудегі рөлі» тақырыбында өз тәжірбиесімен бөлісті. Ал «UBT school Oral» ЖШС мектебінің тарихшысы, педагогика ғылымдарының магистрі Ерқанат Қажымұраттың «Тарихи сана және ұлттық білім» тақырыбында көтерген мәселесінен болашақ ұрпақтың рухани дамуы мен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне жасалған маңызды қадамдары көрінді. Ұстаз тарихи сананы қалыптастыруда жас ұрпаққа өткеннің тағылымын түсіндіруге, ұлттық бірегейлікті нығайтуға қатысты өз тәжірбиесіне әріптестерінің назарын аудартты.
Ал университет ғимаратында орналасқан Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің экскурсоводы Айдана Ерланова семинарға қатысушыларға мазмұнды экскурсия жүргізді. Аға оқытушы, т.ғ.к. Есқайрат Хайдаров мұрағат қоры құжаттары бойынша жүргізген жұмыстары жөнінде өз тәжірибесін ортаға салып, болашақта мектеп пен университет арасында бұл жұмыстарды қалай жандандыруға болатыны туралы ұсыныстарын жеткізді.
БҚАТУ медиа орталығы