Баланың қолөнерге икемді екенін ерте аңғарып, оған бағыт-бағдар берудің маңызы зор. Ал Орал қаласында орналасқан облыстық техникалық шығармашылығы орталығы түрлі бағытта талантты жасөспірімдердің бойындағы қабілетін ұштап, болашақ кәсібін айқындауға мүмкіндік береді. Соның ішінде «Кеме үлгісі» үйірмесіне оқушылар қызығушылықпен қатысады. Теректі ауданы Подстепный ауылындағы мектептің 8-сыныбында оқитын Ербол Бисенов кеме үлгілерін жасаумен шұғылдана бастағанына бір жылдай уақыт өткенін, үйірме жетекшісі ерінбей-жалықпай үйрететінін айтты. Мектептегі сабағы аяқталысымен, түс қайта ауылдан Орал қаласына қатынайтын қоғамдық көлікке мінуге асығады.
Шығармашылық орталықта үйірмеге қатысатын балалар алты топқа бөлінген. Соның ішінде екі топ Орал қаласындағы №10 және 47 мектептерде ашылған. Әр топта он екі баладан бар. Үйірме мүшелері қолөнердің алғышарттарын меңгеріп қана қоймай, елімізде өтетін кеме үлгілері арасында ұйымдастырылатын техникалық спорт жарыстарына қатысып, жүлделі орын алып жүргендерін атап өткен ләзім. Яғни шағын кемелеріне кішкене мотор қондырып, суға түсіргеннен кейін оны арнайы тетікпен (пульт) жүргізе білу қабілеті сыналады. Әрине, бәсекеде биік тұғырдан көрінуі үшін ерінбей-жалықпай тер төгулері, тынымсыз ізденулері, үйірме жетекшісі Мирболат Құспановтың берген тапсырмасын бұлжытпай орындаулары тиіс.
М. Құспановтың балалық шағы Қазталов ауданы Қошанкөл ауылында өткен. Балғын кезінен ағаштан, темірден жасалған бұйымдардың қалдықтарынан ойыншық мәшине, трактор және тіркемелерді оңай құрастырып алады екен. Әкесі Бақтыгерейдің қолы шебер болғаны, балаларын еңбекке, техниканың тілін білуге ерте баулып, өз бетімен аула, қора-қопсы жөндеуге үйретуі кейінгі өмір соқпағында тез пісіп-жетілуіне зор септігі болды. Ағасы Нұрболат әлі күнге дейін ауылда ат әбзелдерін жасап, тері илеп ер-тұрман әзірлеумен шұғылданады. Кейіпкеріміз ағайындарына бұл қасиет нағашы жұртынан да жұғысты болғанын айтты.
Ауылдағы мектепті тәмамдаған соң, Мирболат Бақтыгерейұлы Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы педколледжде оқып, еңбекке баулу пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. 2005-2008 жылдары М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бейнелеу өнері және сызу факультетінің күндізгі бөлімінде теориялық білімін жетілдіреді. Кейін түрлі мекемеде қабырғаға көрнекі тақта ілу, кеңсе безендіру жұмыстарымен айналысады. Ал облыстық техникалық шығармашылығы орталығында қызмет еткеніне алты жыл болыпты.
Жас жігіт 2011 жылы Астана қаласында ересектер арасында өткен республикалық техникалық спорт жарысына S-1 класты желкенді кемесін қосып, жүлделі екінші орын алып қайтады. Содан кейін ел біріншілігінде ешкімге «бәйгенің» басын бермейді. Оның дайындап апарған кеме үлгілері су бетінде жыландай сусып, мәре сызығын кесіп жатады. Бүгінде Мирболат Бақтыгерейұлы спорт шеберлігіне үміткер атағын алғанын және еліміздегі жоғары деңгейлі сайыстарда төрелік етіп жүрген санаулы қазақ мамандарының бірі екенін атап өткен жөн. Әрине, біздің өңірдің өндірдей жас өнертапқыштары техникалық спорт түрінен белсенді көзге түсіп жүр. Үйірме мүшелерінен Орал қаласындағы №44 және №27 мектептің 9-сынып оқушылары Қуаныш Хамзин мен Фархат Шәріпов, №36 мектептің 8-сынып оқушысы Нұрбек Темірхан кемелердің күрделі түрлерін жасауға әбден ысылып, қатарының алды болып, қабілетімен озық келе жатқаны қуантады. Бірақ бапкер-ұстаз бұл оқушыларды басқаларынан бөле-жара қарамайтынын, бәрі де айрықша ықыласты екенін атап өтті. Үйірме жетекшісінің ендігі арманы – техникалық спорт түрінен әлем чемпионатына қатысу.
Кеме үлгісін жасарда (модельдеу) теориялық сызба міндетті түрде мұқият тексеріледі. Сызықтың барлық өлшемінің дәлдігін, әр бөлшектің орнықтылығын түрлі нұсқамен салыстырып, жан-жақты ізденіске бой ұруды, ғаламторға жиі жүгінуді қажет етеді. Кеменің желкенін тарту, үстіңгі қоршауын салу, қорабының қалыбын тартымды қылу, бояуларының үйлесімдігін қадағалау оңайға соқпайды. Әрбір кеменің шикізаты әр түрлі. Біреуі ағаштан қиюласса, біреуі темірден кесіп-пісіру арқылы дайындалады, енді бірінің құрылысына ПВХ-жақтау қолданылады. Сондай-ақ пластамасса, қаңылтыр, картон қағаз да қажетке жарап жатады. Кеменің діңгегін, зәкірін, қақпақтарын орнату, микроқозғалтқыштарын басқару тұтқасымен іс жүзінде сынау жұмыстары оқушыларды ептілікке, зейінін шоғырландыруға, байыптылыққа, төзімділікке үйретеді. Олардың танымында азаматтық және әскери кемелердің ерекшелігі, олардың техникалық жабдығы жөнінде мағлұмат ерте қалыптасады. Атап өтерлігі, кеме үлгілерін жасауға өзен-көл жағалауларындағы қоға кеңінен пайдаланылады. Ол үшін қысқы мезгілде әбден қураған қоғаны кесіп алған соң, мұқият кептіріп, жинап, тазалап, ішкі ұлпасын түсіру керек. Кейін әр бөлік ұзына бойы 3 мм қалыңдықта тілінеді. Кеме үлгісіне дайын құрылыс материалы болып шыға келеді.
Үйірме жұмысында техникалық қауіпсіздік міндетті түрде ескеріледі. Өзара арақашықтықты сақтау, кеңсе пышағы пайдаланылса, оны мұқият қолдану, өткір жүзін сабына жасырған күйінде беруден бастап, қондырғыларда материалдарды кесу, жону тәртібіне дейін мұқият үйретіледі. Облыстық техникалық шығармашылығы орталығында қабілетін ұштайтын жасөспірімдер арасында Оралдағы «Зенит» зауытына экскурсияға барады. Бірақ әскери кеме жасаудың технологиясы құпия ұсталынатындықтан, екіжақты тәжірибе алмасу нақты жолға қойылмаған.
«Теориялық сызбалармен жете танысқан бала болашақта кез келген құрылыстың жөн-жобасын білетін болады. Қалада үйірмеге қатысқан бір жасөспірім кейін үйде есікті жөндеу, шеге қағу, құрал-саймандарды орнымен пайдалануға, яғни қарапайым қолеңбегіне икемді бола түскенін айтып, ағынан жарылғаны бар. Кейде мектеп түлектері үйірмеге ерте келмегеніне өкініп те жатады. Баланы еңбекке ерте баулып, бойындағы талантын жетілдіруге жағдай жасаған жөн. Мен оқушыларыма әрбір кеме жобасын жасарда неғұрлым тиімді әдіс-тәсілге жүгінуге кеңес беріп, бірнеше амалдың ішінен өзіне оңтайлы жолды таңдауға, сөйтіп зейініне салмақ түсірмеуге кеңес беремін. Біздің үйірмеде уақыт қызғылықты өтеді. Бағзы заманнан бермен екі жүзден астам кеменің түрі қолданысқа енді. Осыдан-ақ өзіңіз ой түйе беріңіз. Біздің елімізде жиырма төрт кеме үлгісі жасалады, – деді үйірме жетекшісі.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген нақыл тегін айтылмаған. Кәсіптен нәсіп табуға адам жастайынан жан-жақты ізденіп, қиындыққа шыңдалып өссе, жемісті болмақ.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ
«Орал өңірі»