26.02.2025, 17:45
Оқылды: 180

Ораза – жанның азығы, тәннің шипасы

Рамазан - рақым мен кешірім, жақсылық пен сабыр айы. Қасиетті Құран түскен ай. Біздің халқымыз ежелден рамазан айын ерекше қастерлеп, «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Бұл айда пенде тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Толығырақ  ғибрат алу үшін Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы Жомарт Лұқпанов ұстазбен жүздескен болатынбыз.

3cdc0256-116f-4e85-856a-6f18c93092d3 (1)

- Жаңғыру айында пенде бойынан қандай өзгешеліктерді байқауға болады? Оразадағы жанның қандай парыздары бар? Қай жағдайда ораза ұстаудан бас тарту керек? 

- Иә, бұл – жаңғыру және жаңару айы. Әрбір адам осы айда жаман әдеттерінен арылып, өмірін жаңа парақтармен бастағаны дұрыс. Өмірін, уақытын бос нәрселермен өткізбей, ақыретіне азық болар сауапты амалдар жасауға арнағаны жөн. Жалпы оразаның үш парызы бар. Олар, ниет ету, ниетті алғашқы және соңғы уақыт арасында жасау. Үшінші, имсак уақытынан күн батқанға дейінгі аралықта оразаны бұзатын нәрселерден тиылу. Оразаны науқастығы қатты, жолаушы, бала емізуші немесе жүкті әйел, кәрі адам, ақыл-есі кем адам, балиғат жасына толмаған бала, етеккір немесе хайыз уақытындағы әйел ұстамауына рұқсат етіледі. Аталғандардың арасынан болмасаңыз, ауызбекітуге міндетті болып саналасыз.

- Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) айтқандай, «ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде». Жамағатқа ауызашар беруге ниет етіп жатқандар бар ма? Жақсылық айында қайырымдылық жасаушылар көп пе?

- Иә, хадисте келгендей «жақсы адам деп қоғамға пайдалы адам» - дегендей, адам өзінің қара басын ғана ойламай, айналасындағы ауылдастарына, жерлестеріне де жақсылық жасап, жәрдемдесуі керек. Осы айды пайдаланып мұқтаждарға көбірек садақа беруді әдетке айналдырғаны дұрыс. Биыл аудандық мешітіміздің асханасында рамазан айы бойына ауызашар ұйымдастырылатын болады.

- Қасиетті Рамазан айында пітір садақа мен зекет назарға алынады. Жергілікті жұртшылық үшін оның биылғы белгіленген өлшемі қандай? Бөлісе кетсеңіз...

- Зекет – Ислам дінінің негізгі бес тіректерінің бірі. Зекет тілдік тұрғыда: тазару, өну, өсу, арту және береке деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда зекет деп – нисап көлеміне (зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері) жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруін атады.  Зекет – жоқ-жітікке, кедейлерге, ислам дінін жаңа қабылдағандарға, қарызы барларға беріледі. Пітір – садақаның бір түрі. Рамазан айының оразасын тәмәмдау және біліп-білмей істеген қате-кемшіліктерге төлем ретінде берілетін әрі әр адамның жеке басы (пендеге құлшылық етуге күш-қуат берген Алла тағалаға шүкіршілік) үшін берілетін садақа. 2025 жылы пітір садақа мөлшері – (елімізде екі келі ұнның орташа бағасы негізінде) 655 теңге болып бекітіледі.

- Қасиетті Қадір түнін қалай өткіземіз? Ол түнде мешітте болу дұрыс па? Тарауих намазы туралы айтсаңыз?

- Қысқаша тоқтала кетсем, қасиетті Қадір түнінде еліміздің барлық мешіттері ашық болады. Мешітке келіп, уағыз тыңдап, нәпіл намаздар оқып, уақытты тиімді пайдаланған дұрыс. Мешітте жәйдан-жәй отырып дүниелік әңгімелерді айтуға болмайды. Барынша Алланы еске алып, жылына бір рет келетін осы бір Қасиетті түнді пайдалы өткізу керек. Рамазан айында жиырма рәкәғат тарауих намазы оқылады. Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Хақ Тағала сендерге оразаны парыз етсе, мен тарауих намазын сүннет еттім. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк боып тазарады» - деген хадисі бар. Сондықтан ер мен әйел кісінің жиырма рәкәғат тарауих намазын оқуы – сүннет муәккәдә (бекітілген сүннет).

- Тағы бір түйткілді сауалды қоя кетсем. Мектеп жасындағы жеткіншектер ораза тұтуға құқылы ма? Оқушыға кеселі тиюі мүмкін бе? Мешітте ауызашар уақытында кішкентай балалардың көптігі недеген?

-  Рамазан уақытында әрбір Алланың пендесі ораза ұстауға құқылы. Ал, балаларға келер болсақ, егер ол балиғат жасына (қыз бала – 9-10 жас, ұл бала 13-14 жас) келген болса, Алланың бұйрығына ешкім қарсы келуіне болмайды. Ұл-қызыңызды Оразадан шектеп қойғаннан гөрі, оның пайдасын, әдептерін, тәртіптерін үйреткен дұрыс болады. Себебі, уақыт өте келе, перзент өз таңдауын жасайды. Сондықтан, таңдауын дұрыс жасау үшін көмектескеніңіз дұрыс болады. Егер, ол ораза уақытында уақытын тиімсіз пайдаланып, телефонмен шұғылданса, ерте ұйықтамай, кесірі өзіне тиіп жатса, мамандармен жұмыстануға тура келеді. Дұрыс ашығу мен дұрыс тамақтануды да қатаң қадағалау керек. Баланың дұрыс жолға түсуіне бірден-бір септігін тигізетін адам ол – ата-ана. Намазға түсер кезде де, дұрыс бағытқа түсу үшін тиісті тұлғалармен кеңесу керек. Ал, ауызашар уақытында балалардың мешітте көп болуы дұрыс деп есептеймін. Себебі, қасиетті айда жын-шайтандар кісенделетіндіктен, бұл айды өткізу жеңіл өтеді. Ортаға қосылып, еркін әңгімелесіп, өзі сияқты дінді ұстанушылармен танысуына көмегін тигізеді.

- Оқырмандарға игі лебізіңізді жолдасаңыз?

- Келіп жеткен кешірім мен береке айы – Рамазан құтты болсын. Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір жақсы амалдарымыз қабыл болғай! Раббымыздың сүйікті құлдарынан болуымызды баршамызға нәсіп еткей!  Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп етсін. Әмин!

- Сұхбатыңызға рахмет.

 

Ақерке Мәлікқызы,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале