27.02.2025, 12:45
Оқылды: 422

Биыл 25 инвестжоба жүзеге асады

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен инвестиция тарту мәселесіне арналған кеңестің отырысы өтті.

инвестиция (3) (1)

– Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында айтылғанындай, экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаражатына сүйену жеткіліксіз. Жеке инвестиция тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасау қажеттігі туындауда. Президент инвестиция тарту жөнінде нақты міндеттер қойды. Былтырғы жеке инвестиция көлемі 538,5 млрд теңге болды. Бұл – жалпы инвестиция көлемінің 75,5%-ы (712,9 млрд теңге). Биыл 769 жұмыс орнын құру арқылы жалпы сомасы 44,5 млрд теңгеге 25 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс. Сондай-ақ 2026-2029 жылдарға 2,3 трлн теңгеге 34 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашады, – деген өңір басшысы өңірдің инвестициялық ахуалы жайында, онда туындаған мәселелер төңірегінде сұрап білді. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы алдымен облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев баяндады. Оның мәліметінше, былтыр өңірдегі негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі бойынша бекітілген нысаналы индикатор – 689,3 млрд теңге. Жыл соңында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4,7%-ға өсіп, 712,9 млрд теңгені құраған. Ал биыл бекітілген нысаналы индикатор – 841 млрд теңге. Қаңтар айының қорытындысында бұл көрсеткіш 28,9 млрд теңгеге жеткен. Осылайша, 2024 жылдың сәйкесті деңгейімен салыстырғанда 7,1%-ға ұлғайған. Оның ішінде жеке инвестициялар – 26 млрд теңге.

– Өңірге 2025-2029 жылдарға арналған инвестиция тарту аясында 9 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ол үшін жалпы құны 2,3 трлн теңге 59 жобаның пулі қалыптасты. Биылдың өзінде 44,5 млрд теңгеге 25 жоба жоспарланған. Бұл 769 жұмыс орнын ұсынады, – деген басқарма басшысы іске асырылуы тиіс жобаларды атап өтті. Олардың қатарында Ақсай мен Орал қаласында салынатын төрт қонақүйдің құрылысы («Серік» ӨЖК», «UralskOffice» және «West Plaza» ЖШС-лары мен «Ақсайгазсервис» АҚ), химиялық қоспалар шығаратын зауыт («Sintez Ural» ЖШС) бар. Сонымен бірге құрғақ қоспалар өндірісін («Brig Compani» ЖШС), көтерме тарату орталығын («Batys Capital Limited» ЖШС), алюминий сымдарын өндіру жобасын («Ural Electrik» ЖШС), 5 сүт-тауар фермасын («Арыстанов», «Төлеңгіт», «Берекет» ШҚ және «Өтебай»,  «Маскар» ЖШС-лары), тұрмыстық  химия өндірісін («Bilgili Group» ЖШС), май зауытын («ОралМез» ЖШС), 4-макарон фабрикасын («Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ) атап өтуге болады.

Бұдан соң өңір басшысы кәсіпкерлерден қолға алған жобаларына қатысты мәселелер бар-жоғын сұрады. Мәселен, Ақсай қаласында «Серік» ӨЖК» ЖШС салып жатқан қонақүйге су жеткізу мәселесі шешілгені белгілі болды. Ал облыс орталығындағы «Uralsk Office» ЖШС салып жатқан қонақүй ғимаратының қабырғасы қаланған. Су, газ және кәріз құбырлары  мен электр желілері жеткізілген. Жер аяғы кеңіген соң инфрақұрылымы іске қосылады. Мамыр айына дейін қасбетін бітіреді. Қазір ішкі жұмысын атқарып жатыр. Өңір басшысы кәсіпкерге қыркүйекте екі елдің басшылары қатысатын форумға дейін құрылысты аяқтауды тапсырды. Ал алюминий сымдарын өндіруді мақсат етіп отырған «Ural Electrik» ЖШС сәуір айында жұмысты бастамақ.  Көтерме тарату орталығы наурыз айында ашылмақ. Автомобиль шиналарын қайта өңдейтін «Карабалин» ЖК жетекшісі Нұрбек Қарабалин индустриалды аймақта орналасқан учаскесіне электр қуаты қажет екенін және жол салу қажеттігін айтты. Облыс әкімі бұл мәселені жеке бақылауына алатын болды. «Қолға алған жобалардың арасында шешімін таппаған мәселелер бар. Бірақ біз оларды шешуге қолдау көрсетеміз. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге көмек көрсету. Себебі әр жоба жұмыс орнын құрады, салық та түсіреді. Бұл облыс үшін өте қажет», – деген өңір басшысы Бөрлі ауданының және Орал қаласының әкімдеріне қос шаһардағы жобаларды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Шетелдік инвесторлар

Бұдан соң Нариман Төреғалиев облыстағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырған компания басшыларын және өкілдерін тыңдады. Жалпы, шетелдік инвестицияға ерекше екпін түсіріліп отыр. Мәселен, былтырғы тоғыз айдағы тікелей шетелдік инвестиция көлемі – 995,5 млн доллар. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13%-ға артық (2023 жылдың 9 айында – 880,1 млн АҚШ доллары). «Kazakkalium» компаниясы директорының орынбасары Айбат Тұманов «Сәтимола кен орны негізінде калий тұздарын өндіру бойынша байыту-өндірістік кешен құрылысы» жобасын таныстырды. Облыс әкімі бұл жобаның әлі 1-кезеңінде тұрғанын, ал халықтың қашан іске қосылатынын сұрап жатқанын алға тартты. Сондықтан құр сөз емес, нәтижелі жұмыс керек деді. Оңтүстік кореялық инвестор «Hyundai Solar KZ» компаниясының өкілі Рустам Назаров «Қалдықтарды өңдеу, өртеу зауытының, жылыжай кешенінің және күн электр стансасының құрылысы» жобасы жөнінде айтты. Қазір жобаның 2-кезеңі, яғни құжаттар тапсыру қолға алынған. Түркиялық инвестор, «Горкем констракшн» компаниясының директоры Токе Адем «Ақсай қаласындағы тазарту қондырғысын қайта құру» жобасын қаржыландырмақ. Ол Бөрлі ауданының әкімімен құжаттарды зерделеп, қажет көмекті алатын болды.

Слайд Инвест УПИИР (1)

Ресейдің Орынбор қаласының инвесторы Алексей Комаровский «Құс фабрикасының құрылысы» жобасын таныстырды. Ол көп жылдан бері БҚО нарығын жұмыртқамен қамтып келе жатқандарын айтты. Жылына 100 млн дана жұмыртқа шығарады. Соңғы үш жылда құс фабрикасын жаңғырту жобасын қолға алып, аяқтаған. Инвестиция көлемі шамамен – 3,5 миллион доллар. Қазір облыс аумағында жалпы құны 24 миллион долларды құрайтын тағы екі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кәсіпкер ол үшін жер учаскесі қажет дейді. Инвестициялық жобаны 3-4 жылда жүзеге асырмақ. Облыс басшысы Бәйтерек ауданының және Орал қаласының әкімдеріне кәсіпкермен сөйлесіп, жер беру мәселесін шешуді тапсырды. «МАДЕН Групп» компаниясының басшысы Фархад Маденов өңірде үш жеке мектептің құрылысына инвестиция салуға дайын екенін айтты. Қазір Жаңақала және Сырым аудандарының орталықтарында 3 гектар жер дайын тұр. Кәсіпкер қос ауданның әкімімен кездесіп, мәселені талқыламақ. Ал мектептердің құрылысы маусымда басталуы тиіс. Кездесу барысында түрік инвесторы Әскер Бей, Гонконг халықаралық өндірістік компаниясының басшысы Ли Гэньан, «Чжэцзян Хайхэ Экологические технологии Со.Ltd» компаниясының директоры Донг Вэй және басқа бірнеше кәсіпкер жобаларын талқылады.

Ясипа Рабаева,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале