Алғыс айту мерекесінің мәнін тек этносаралық мәмілемен шектеуге әсте болмайды. Біздіңше, бұл мейрамда алғыстың үлкені біздің тұрмысымызды жайлы етуші еңбеккерлерге айтылуы ләзім.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов бүгін «Сырым» коммуналдық кәсіпорынының қызметкерлерімен кездесті. Қайрат Нұржанұлы аудандағы әр үйге ауыз судың үздіксіз жетуін, ауыл мен ауылды жалғайтын жолдардың таза, тегіс болуын қамтамасыз етіп жүрген еңбеккерлерге ел атынан адал қызметі үшін алғыс айтты.

Сырым ауданының су шаруашылығында айтарлықтай ілгерілеу бар. Аудан негізінен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Кеңащы кен орынынан су тарататын құбырларды «Сырым» мекемесіне теңгерімге алдық. Нәтижесіне Жымпиты, Өлеңті ауылдарына 24 сағат су беруге қол жеткіздік. Тариф қымбаттады. Табыстың бәрі еңбекақыны көтеруге жұмсалады. Коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегі алғысқа да, құрметке де лайық! - деді әкім орынбасары.

Ұжым басшысы Тұрарбек Нұрғалиевке Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың алғысхаты мен арнайы сыйлығы табысталды.
Айта кетейік, «Сырым» кәсіпорынында 79 қызметкер бар. Олар 312 км су құбырын бақылап, 217 км аудандық маңызы бар жолды күтіп ұстайды. «Көмекшілері» – 8 дана ауыр техника мен 2 жеңіл көлік.
Қазіргі таңда тағы екі техникаға сұраныс берілген.
Жылы гараж салу – жоспардағы жұмыстың бірі.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы