Әр айдың 10-ында дәстүрлі түрде қолға алынатын республикалық акция аясында заң тәртіптері тақырыбында жиын өтті.

Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция тобының аға жедел уәкілдері полиция аға лейтенанты Жұмагелді Кенжеғалиев пен аға лейтенант Арсен Фазыл аудан азаматтарына нашақорлық зардабы, бүгінгі қоғамның дертіне айналған лудомания мен интернет алаяқтығы туралы кеңінен түсінік берді.
- Интернет алаяқтығына тап болып, сан соғып қалған тұрғындар саны күн санап артуда. Мұндай қылмыстарды ашудың қиындығы жәбірленушілер қылмыскерлерді көзбе-көз көрмейді, тек интернет кеңістігінде сөйлеседі. Әдетте, жалған телефон нөмірі пайдаланылады немесе IP мекенжайы үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан, ешқашан SMS кодтары мен құпия сөздерді ешкімге ашпаңыз, тіпті банк қызметкеріне де жеке ақпаратты және жеке деректерді үшінші тұлғалармен бөліспеңіз (карта нөмірі, көшірмелері және жеке куәлік нөмірі), алдын ала төлем жасамаңыз (тауарларды немесе қызметтерді алғаннан кейін төлеуге келісуге тырысыңыз). Түрлі акция, ұтыстар туралы СМС хабарламаларды оқи салып, бірден сұраған мәліметін бермеңіз, - деп Арсен Фазыл ақпараттық түсінік беріп өтті.

Сонымен қатар полиция бөлімі қызметкерлері қатысушылардың сұрақтарына да толыққанды жауап берді.
Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы