Қасиетті Рамазан айы басталғалы Казталов ауданы Жалпақтал ауылындағы ауыз бекітіп, ораза ұстаған жандар дұға-тілектерін бағығыштап, Қожантай мешітіне көптеп келуде.
Онда осы ауылдағы мекеме-ұйымдардың жұмысшылары өзара бірігіп, әр жылғы ораза сайын ауызашар беруді әдетке айналдырған. Біз барған күні Жалпақтал Өнер мектебінің ұжымы кезекті ауызашар жоралғысын жасап жатыр екен. Ішім-жемнен тыйылып, ауыз бекіткен жамағаттардың қарасы көп екен. Қожантай мешітінің бас имамы дінтанушы, Нұралиев Тілепберген қажы Ахметжанұлы ауызашарға жиналған жамағатқа қасиетті ораза айының ерекшеліктерін түсіндіріп, мұсылман бауырларға уағыздар айтты.
-Рамазан — тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, жан мен жүректі тазартып, шүкіршілік ететін қасиетті ай. Ауызашар да тек қарын тойдыру дегенді білдірмейді. Ол Алланың берген нығметтерін еске алып, шынайы дұға жасайтын ерекше уақыт. Оразада ауыз ашар кезінде, түннің соңғы бөлігінде және Қадір түнінде дұға қабыл болатын сәттер деп бағаланады. Бұл айда жүректен шыққан әрбір тілек — Жаратушыға жақындай түсу мүмкіндігі болып саналады. Дұғамыз бен шүкіршілігіміз арта берсін! Ораза қабыл болсын, ағайын, - деді Жалпақтал мешітінің бас имамы Тілек қажы.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы