2023-2024 оқу жылында «Kundelik» ЖШС компаниясы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен бірлесіп, сайтта тіркелген 5-11-сынып kundelik.kz сайтының оқушыларына арналған мотивациялық бағдарламаны іске қосқан болатын.
Яғни мектеп оқушысы ата-анасы арқылы кез келген пәннен алған 10 ұпайын Halyk Easy банк картасына 100 бонус ретінде ала алады. Осы ретте аталған қос ұйым жуырда 100 000 бонус ұтыс ойынын ұымдастырды. Еліміздің әр өңірінен қатысып, ұтысқа ие болған оқушылар арасында жаңақалалық Жанель де бар. Ауданымыз бойынша алғаш рет 100 000 бонус иегері атанған Жанель Хангерей Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы. Ата-анасының берген тәрбиесі, ұстаздарынан алған білімі, сондай-ақ өзінің табандылығы мен еңбегінің арқасында осындай жетістікке жеткен ол: - Бұл ұтыс менің алдағы уақытта да сабағымды үздік оқуға үлкен талпыныс берді, - дейді.
Амал мерекесімен тұспа тұс келген осынау шарапатты шараға Жанельді арнайы құттықтау үшін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ БҚОФ директоры Жасұлан Жұмабеков пен орынбасары Ринат Ғұбашев, Жаңақала аудандық №15 Дербес сервис орталығының басшысы Айбек Бақтығұлов және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Данял Танзенов келіп, игі тілектерін арнап, 100 000 бонустың сертификаты мен анасына гүл шоқтарын табыс етті. Қонақтар мерекелік дастарханнан ауыз етіп, мектеп ұжымы дайындаған сазды бағдарламаны тамашалады.
Еске сала кетейік, 100 000 бонус ұтыс ойыны әр оқу жылының қыркүйек пен мамыр айы аралығында Instagram әлеуметтік желісіндегі @halykbank.kz парақшасында ай сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы