Орал қаласында Нұрсұлтан Назарбаев есімімен аталатын көшемен жүрсең, небір тарихтан сыр шертетін ғимараттарды көресің. Бұл көшемен әлемге аты шыққан даңқты тұлғалар жүрген, саяхатшылар мен ақын-жазушылардың есімдері көне қаланың әр үйінде жазулы. Тарихы таңданарлық ежелгі кітапхана орналасқан бұрынғы «Карев үйі» 1947 жылдан басты кітапхана мекеніне айналды.
XVIII-XIX ғ. жарық көрген кітаптардан бастап, бүгінгі жастардың туындыларына дейін қамтыған бай орталықтан сан мыңдаған адам рухани сусындаған. 2000 жылдан бастап кітапхананы ақын Жұбан Молдағалиевтің есімімен атауға ҚР Үкіметі шешім шығарды. Жыл сайын 24 мыңдай адамға қызмет көрсететін кітапхана оқырмандары ақпараттық және мәдени қызмет атқарады. Бүгінде кітап қоры төрт жүз мыңға жуықтаған кітапханада әртүрлі жастағы жандар күн сайын түрлі іс-шараларға қатысады.
Көптеген зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер, студент-оқушылар, зейнеткерлер – дәстүрлі түрде өтетін кездесулердің куәсі. Өмірге жолдама алғалы тұрған жастармен «Дара жол», әр сала қызметкерлерімен «Парасат жолы» бағдарламасы жүргізіледі. Түрлі семинар, конференциялар, ғылыми жобаларды қорғау отырысы, тақырыптық кештер, жаңа кітаптың тұсаукесерлері өтеді. Тегін интернет жүйесін пайдалануға әркез есік ашық. Әйгілі Жұбан ақынның есімін иемденген кітапхана 25 жыл қатарынан «Жұбан оқуларын» республикалық, халықаралық дәрежеде өткізіп, өлкенің мәртебесін өсіруде. Аудан кітапханаларын модернизациялауда ақпараттық ресурстардың дамуын жетілдіруде.
Әр істің басы-қасында зердесі терең, білімді, халықтың да, қызметкерлерінің де тілін тауып жүретін бір басшы болады. «Мың қосшыға бір басшы» деп бекер айтпаған. Оқырманды рухани жағынан қамту – кітапхана қызметкерлерінің міндеті.
Жылжыған жылдар мен тынымсыз еңбек күндері уақыттың қалай өтіп жатқанын білдірмейді. Сырттай қараған жанға кітапхана тып-тыныш жұмыс орны секілді көрінеді. Осындай орында 36 жылдан аса кітапхана жұмысының әр сатыларынан өтіп, бүгінде мекеме басшысы болып отырған Шолпан Қуанышқалиқызы Оразаеваның еңбек жолына, атқарған ісіне, жеткен жетістіктеріне тоқталғанымыз жөн болар.
Теректі ауданында туып өсіп, Куйбышев атындағы мемлекеттік мәдениет институтының «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша оқуды аяқтап, 1989 жылы Н. Крупская атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кітапханашы болып, еңбек жолын бастайды. Жас, алғыр қыз еңбекте ізденгіш, ұйымдастырғыш қасиетімен көзге түсті. 1991-1999 жылдары осы кітапхананың ғылыми-әдістемелік бөліміне жетекшілік етті. Түрлі іс-шаралар өткізуде зеректік танытты. 1999-2002 жылдары кітапхана директоры болып сайланды. Шолпанның еңбектегі алғырлығын байқаған мәдениет басшылығы 2002-2007 жылдары оны көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханаға директор етіп тағайындады.
Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу мейірімі мол, шыдамды, жүректі адамға ғана сеніп тапсырылары сөзсіз. Оларды үй-үйден жинап, шараларға қатыстыру, ішіндегі өнерлі жандармен шұғылдану, түрлі тақырыптық кештер өткізуде қызметкерлердің басы-қасында жүру де басшыға сын болатын.
2007-2009 жылдары Жастар шығармашылық орталығы директорының орынбасары, 2009-2017 жылдары Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ғылыми істер мен аутоматтандыру бойынша директордың орынбасары қызметін атқарса, 2017 жылдан бастап аталмыш кітапхананың директоры болып, осы күнге дейін қызмет етіп келеді.
Облыстық кітапхана сайтында «Жайық өңірінің әдеби портреттері» атауымен толық мәтінді мәліметтер базасы жасақталған. Оның алғашқы беті Жұбан Молдағалиевтің ақындығы мен шығармашылығына арналса, әрі қарай Батыс Қазақстан облысының ең жарқын әдеби өкілдерінің есімдерін, олардың шығармалары мен мемуарларын қамтитын сирек кездесетін құнды басылымдар мен деректерді жинақтаған. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жұбан оқуларының» түрлі форматта өтуін қадағалайды. «Менің Жұбаным» атты фестиваль-марафон, «Мен – қазақпын» поэмасынан облыс мұғалімдері арасындағы сайыс, «Айттым сәлем» деп аталатын әр сала мамандары арасындағы әдеби-шығармашылық сайыстар республикалық деңгейге дейін жетті.
Ізденіске толы жылдар өз жемісін берді. Қазір аудандардағы ауыл кітапханалары модернизациядан өтіп, жаңарған үлгіде халыққа қызмет етуде. Қай ауылға барсаң да, кітапханашылары алдыңнан шығып, жасаған еңбегінің нәтижесін көрсетеді.
Кітапхана саласындағы зор жетістіктері үшін Шолпан Қуанышқалиқызы «Кітапхана ісінің үздігі» (2015), «Кітапхана ісінің шебері» (2016), «Халық құрметі» (2020), «Мейірім» төсбелгісі (2020), «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» (2020), «Жұбан Молдағалиев» төсбелгісі (2020), «Жыл кітапханашысы» төсбелгісімен (2021), «Ерен еңбегі үшін» (2024) медалімен марапатталды. Өз ісінің майталманына қандай мадақ айтып, мақтансаң да, артық емес. Жасы кіші бала ма, самайын қырау шалған ақсақал ма, ақын-жазушы ма алдынан шығып қарсы алып, шара біткен соң шығарып салған мекеме директорының осы мінезі көпке үлгі.
Ал Шолпан Қуанышқалиқызы бірде аудан-ауылдарды аралап, кітапханалардың жайын бақылап, керекті жөндеу жұмыстарына көмек етсе, бірде іссапарларда Жұбан ағасының жоқтаушысы София Мәлікқызының жағдайын білуге уақыт тауып жүреді. Асыға келіп, өзінің қара шаңырағы Жұбан кітапханасындағы ұл-қыздарын көріп, кезекті мәдени шараларды талқылап отырады. Асқаралы алпыстың белесіндегі Шолпан Қуанышқалиқызы қызмет атқарған тарихы терең Жұбан кітапхана-сының алар асулары әлі алда.
Жалғыз ұлдың жапырағы жайқалып, аман жүр. Шолпан Қуанышқалиқызы, сіздің жолыңыз көпке үлгі.
Үзілдік Елеубайқызы,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы, ақын, жұбантанушы