Тасқала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің тапсырысымен, облыстық қазақ тілі қоғамының ұйымдастыруымен «SAMGAU» коворкинг орталығында «Тақылдап тұрған тіліңнен..!» атты аудандық байқау өтті.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, ұлттық құндылығымызды насихаттау, тіл мәдениетін көтеру, талантты балдырғандарды анықтау, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік қасиетін дәріптеу мақсатамен өткізілген байқауға 4-5 жас аралығындағы мектепке дейінгі мемлекеттік және жеке ұйымдардың тәрбиеленушілері қатысты. Байқау төрт түрлі кезеңнен тұрды. Іс-шарада алғы сөз алған облыстық қазақ тілі қоғамының төрағасы Алтынбек Әбділманов байқау маңызын атап өтіп, балғындарға сәттілік тіледі. Байқауға барлығы 12 бүлдіршін қатысып, өз өнерін көрсетіп, қазылар алқасының бағасын алды.
«Тәтті балалық шағымыз» атты алғашқы кезеңде бүлдіршіндер өздерін өлең немесе проза түрінде таныстырды. Екінші кезең «Жырлаймын Отанымды» деп аталып, бұл кезеңде үміткерлер Отан туралы өлеңді мәнерлеп оқып, тіл шеберлігін көрсетті. Ал «Кел, санайық санамақ!» атты үшінші кезеңде балалар санамақ айтып, есте сақтау қабілетін сынаса, «Ертегілер еліне саяхат» атты кезеңде тәрбиешісімен бірге қазақ ертегілерінен үзінді көрсетіп, ертегі кейіпкерлерін сомдады. – Бұл іс-шара балабақша тәрбиеленушілеріне арналған. Байқау бүлдіршіндердің қазақ тілін қаншалықты меңгергенін, сондай-ақ ұлттық құндылықты насихаттау ұйымдастырылды. Әр бала өнерін көрсетіп, танымын кеңейтті. Сонымен қатар ұлтымыздың құндылығы, оның ішінде қазақ ертегілерін дәріптеу – басты міндетіміз. Бүгінгі байқау әсіресе ауылдық жерде тұратын балалардың талантын ашып, тәрбиешілердің еңбегін қолдауға бағытталған.
Сондай-ақ өскелең ұрпақтың тілге, мәдениетке, әдет-ғұрыпқа және дәстүрге деген көзқарасын нығайту үшін маңызды қадам, – деді Алтынбек Әбутәліұлы. Байқау қорытындысында үздіктер анықталып, марапатқа ие болды. Атап кетсек, қазылардың шешімімен 56 ұпай жинаған ояндық Айша Әлібекқызы байқау жеңімпазы атанса, қос екінші орын 55 ұпайдан жинаған атамекендік Көзайым Хамидолла мен ақтаулық Қызғалдақ Қарасайға бұйырды. Ал ІІІ орынды «Балдырған» балабақшасының бүлдіршіні Айлана Аманғалиева мен шежіндік Азиз Куписов және «Ақбөпе» балабақшасының бүлдіршіні Хантөре Құдайберген иеленді. Қатысқан барлық бүлдіршін аталымдармен марапатталды.
Болат Бек,
Тасқала ауданы