3.04.2025, 11:00
Оқылды: 167

Агроөнеркәсіп кешенінің даму бағыттары сараланды

– Батыс Қазақстан облысы – Қазақстанның жетекші аграрлық өңірлерінің бірі. Жалпы, өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі шамамен 2,9%-ды құрайды. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені алдына ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру  міндетін қойды. Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға 700 млрд теңге бөлу жоспарланды. Президент тапсырмасымен науқанды алдын ала қаржыландыру басталды. Атап айтқанда, 2024 жылдың 1 қарашасынан өтінімдерді қабылдау, 29 қарашасынан ақша беру басталды. Қазіргі кезде жалпы сомасы 234,9 млрд теңгеге 3161 тауар өндіруші, оның ішінде  Батыс Қазақстан облысы бойынша 4,9 млрд теңгеге 93 аграршы қаржыландырылды. Қаражат алты желі бойынша бөлінеді: аграрлық несие корпорациясына, екінші деңгейлі банктерге, өңірлік инвестициялық орталықтарға, кредиттік серіктестіктерге, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға және МҚҰ-ға тікелей несие беріледі,  – деді өңірдің, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін көктемгі егіс науқанын өткізуге қатысты сұрақтарды пысықтаған алқалы жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали  Бердалин. 

DSC04292

Былтыр іске қосылған лизинг бағдарламасы   аясында облыс бойынша 8,1 млрд теңгеге 635 өтінім қаржыландырылды. Биыл жеңілдік лизингін  жалғастыруға 200 млрд теңге бағытталады. Бұл еліміздегі машина-трактор паркінің 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы республикадағы жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы көлемнен 416,5 мың гектарға артық. Соның ішінде БҚО-дағы егіс алқабы – 612,7 мың  гектар (2024 жылға қарағанда 2,8 мың гектарға аз).

Вице-министр агроөнеркәсіп кешені бойынша министр­ліктің саясаты мен негізгі да­му бағыттары туралы толық ақпарат берді. Жеңілдетілген несие беру бойынша мал шаруашылығына  бордақылау алаңдары үшін 50 млрд теңге сомасында қысқа мерзімді қаражат тарту мәселесі пысықталуда. Жеңілдікті несиелерді тиімді пайдалану үшін  мемлекеттік қолдау тетіктеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Субсидиялардың тиімділігін бағалау үшін өндірілетін өнім көлемін ұлғайту бойынша қарсы міндеттемелер қабылданады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы   жалғасады. 2024 жылы жалпы республика бойынша  100 млрд теңге, оның  ішінде облыста екі  жобаны іске асыруға 5 млрд теңге бөлінді. Үш  жоба қаржыландырылды, олар – «Amaner IZI» ЖШС (суармалы жерлерді енгізу), «Baystone» ЖШС (көкөніс қоймасының құрылы­сы), «КТК888» ЖШС (400 басқа арналған тауарлық сүт фермасын құру). 2025 жылы осындай мақсаттарға республикалық бюджеттен 141 инвестициялық жобаны несиелеуге 200 млрд теңге қаражат қарастырылады. БҚО әкімдігіне 7 жобаны іске асыру үшін 10 млрд теңге сомасында қаражат бөлінеді. Биыл агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға облыстың жергілікті бюджетінен 40,4 млрд теңге, оның ішінде қаржы  құралдарына – 31,2 млрд теңге, мал шаруашылығын дамытуға көзделген – 7,2 млрд теңге, өсімдік шаруашылығы –  1,9 млрд теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – 0,1 млрд теңге, басқаларына 58,5 млн теңге бағыттау жоспарланған. Облыс бойынша АӨК-ті субсидиялау үшін мал шаруашылығы бойынша қосымша 1,4 млрд теңге қажет.

Егіс науқанына дайындық қалай?

Алқалы жиында өңір диқандарының көктемгі егіс жұмыстарына дайындығы туралы ауыл шаруашылығы  басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин баян етті. Министрлік 2024-2028 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөнінде арнайы жол картасын бекіткен. Соған орай 2025 жылы өңірде өсімдік шаруашылығына қатысты нақты жоспарлар жасалған. Егіс құрылымын әртараптандыру арқылы 613 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделген. Соның ішінде былтыр егілген күздік дәнді дақылдармен қоса алғанда, барлық дәнді дақылдар алқабы 291 мың га (күздіктер - 92 мың га,  жаздықтар – 199 мың га) құрайды.  Майлы дақылдар –  119 мың га (күнбағыс – 52 мың га, мақсары – 63 мың га), картоп, көкөніс-бақша – 4 200 га (картоп – 2050 га, көкөніс – 630 га, бақша - 1 500 га),  мал­азықтық дақылдар 199 мың га (біржылдық шөптер - 21 мың га, сүрлемдік дақылдар – 1,7 мың га, көпжылдық шөптер 25 мың га болады және өткен жылдардан қалған 151 мың га көпжылдық шөптер алқабы бар. Дәнді дақылдар алқабын тұрақтандыру арқылы майлы және малазықтық дақылдар, картоп отырғызылатын алқаптарды ұлғайту көзделуде. Одан басқа енгізілетін тыңайтқыштардың көлемін  46 900 тоннаға дейін арттыру, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің 6,5%-ын жаңарту, элиталық тұқымдардың үлесін 4,7%-ға дейін арттыру, суармалы жерлердің  алқабын 13,7 мың гектарға дейін ұлғайту – басты назарда.

– Биыл өңірімізге көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 10,9 млрд теңге қарастырылды. Соның ішінде өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламалары мен қызметтер көрсетуге  жергілікті бюджеттен 2,6 млрд  теңге бөлінсе, «Кең дала» жә­не «Кең дала – 2» несиелеу бағдарламалары бойынша 8,3 млрд теңге бағытталады. Облыста субсидиялау бағдарламалары бойынша шаруалардың берешектері жоқ. Өсімдік шаруашылығына берілген қаражаттар есебінен агроқұрылымдарға 255 млн теңге субсидия, «Кең  дала» және «Кең дала – 2» несие бағдарламалары арқылы 5 млрд теңгеге жуық несие төленді, – деді  Жасұлан Халиуллин.

Егіске қажет тұқым көлемі –  29,4 мың тоннаны, соның ішінде жаздық дәнді дақылдар тұқымы – 21,7 мың, майлы дақылдар тұқымы –  1,9 мың, малазықтық дақылдар тұқымы – 0,7 мың, өндірістік егіске қажетті тұқым 5,1 мың тоннаны құрайды. Облыс бойынша жалпы есепте 30 038 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары бар. Көктемгі дала жұмыстарына  3 136 трактор, 2 097 дән сепкіш, 646 қопсытқыш және басқа да техникалар қатысады. Облысқа Атырау мұнай өңдеу зауытынан 8,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қажет дизель отынының көлемі шаруалардың өздері ұсынған өтінімдері негізінде электронды түрде белгіленді. Жеткізуші оператор – «Petro Retail» ЖШС,  1 литрдің бағасы – 254 теңге. Кестеге сәйкес наурыз айына қаралған 1,8 мың тонна дизель отыны ауыл шаруашылығы құрылымдарына жіберілуде. Бұл күндері шаруаларға 250 тонна (14%) дизель отыны берілді.

DSC04275

Алқалы жиында үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізуге дайындық туралы ҚР АШМ Агро­өнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті өсімдіктерді қорғау басқармасының бас сарапшысы Мұрат Нұғымаров, егіс жұмыстарын өткізудің оңтайлы мерзімдері мен ұсынылатын агротехникалық шаралар жайында «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-ның  басшысы Әспен Орынбаев, вегетациялық кезеңге байланысты ауа райы болжамы жөнінде «Қазгидромет» мекемесі облыстық филиалының басшысы Тілеген Шапанов баяндады. Сонымен қатар ғалым-агроном Алдаберген Нұғыманов өз болжамдарын айтып, тәжірибе бөлісті. «АлемАгро Холдинг» ЖШС батыс дирекциясының басшысы Берік Жұмин тыңайтқыштарды, өсімдік қорғау құралдары мен тұқымдарды сату бойынша ұсынылатын жеңілдіктер мен бағалар туралы әңгімеледі.

Жиналыс соңында өңірдегі бірқатар шаруашылыққа нақты кеңес беріп, агрономия саласы бойынша жетекшілік етіп жүрген «АлемАгро» ЖШС және ауыл шаруашылығы басқармасы, «Шаруашылық агроорталығы» қоғамдық бірлестігі үш жақты ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Жиын соңында шаруашылық құрылымдарының өкілдері  күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өздерін мазалаған сұрақтарға тиісті жауап алды. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов жиналысты қорытындылап, егіс жоспарын орындау үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін еске салды. Аудан әкімдіктеріне тұрғындардың өзін-өзі қамтуын және еңбекке белсенділігін арттыру мақсатында ауданда ұжымдық бау-бақша отырғызуды ұйымдастыруды  тапсырды.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале