Жәнібек ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық VI «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» шығармашылық байқауы басталды.
Байқау ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Ғұмар Қараштың 150 жылдығы аясында ақын шығармашылығын насихаттап, өлеңдерін мәнерлеп оқыту арқылы жеткіншектердің туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға арналады.
Алдымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов Орал қаласы, Тасқала, Жаңақала, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Жәнібек аудандарынан келген 19 қатысушы мен олардың жетекшілерін қабылдап, әдемі әңгіме өрбітіп, кәдесыйларын табыстады. Ұзынкөл ауылынан келген Қайсар Зинекенов Ғұмар атамыздың «Көреміз бе?» өлеңін жатқа айтып, қатысушыларға рух берді.


Әрмен қарай байқауға жиылғандар орталық алаңда орналасқан Ғұмар Қараш ескерткіші алдында бас қосып, баба рухына тағзым етті. Ақын, қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір мен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев гүл шоғын қойып, Ғұмар ата рухын ұлықтады.

Содан соң аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ақынның шығармашылығынан сыр шертер «Ғұмарды білмек парыз ойлы жасқа» тақырыбында кітап көрмесі тамашаланды. Байқауға жиылған қауым аудан көркемөнерпаздарының дайындаған көрінісін тамашалады.


Сахнаға аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Бекбауұлы көтеріліп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Баршаңызды ауданымызда ұйымдастырылған облыстық VI «Ғұмар Қараш оқулары» байқауының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығын зерттеу, өскелең ұрпаққа насихаттау бағытында облыс және ғұламаның кіндік қаны тамған жерінде ауыз толтырып айтарлықтай толымды істер атқарылуда. Байқауға бақтарын сынауға келген барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді аудан әкімінің орынбасары.
Қазылық етер әділқазы алқасы таныстырылды. Әділқазылар алқасының құрамында ақын, облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Нұрлан Сәдір, ақын Манас Жармұқанов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ҚР Журналистер одағының мүшесі Меңдігүл Фазылова, Ғ.Қараш атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Қымбат Осатова мен №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әдемі Ахметова бар.
Шараның бірінші бөлімінде ақынның отызға жуық өлеңі жатқа мәнерлеп оқылса, екінші бөлімінде жас ақындардың Ғ.Қарашқа арнап шығарған жыр жолдарына кезек беріледі. Екі бөлім бөлек-бөлек бағаланады.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы