16.04.2025, 16:00
Оқылды: 255

Архив сөйлейді: Хамза Мерғалиевке – 100 жыл

 

Жеңістің әр жауынгері -  құрметті, бейбітшіліктің әр күні – бағалы. Биыл Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Мерғалиевтің туғанына 100 жыл толады. Хамза Мерғалиев ғасырдың аяқ шешінде аудандық архивте еңбек етті. Мұрағат құжаттары Хамзаның өрлік пен өнегеге толы өмірі туралы сөйлейді.

IMG-20250415-WA0030

1941-1945 жылдардағы орын алған Ұлы Отан соғысы адамзат тарихындағы «ең жаралы» кезеңдер болып тарихқа енді. Соғыстың аяқталғанына 80 жыл болсада, жаңғырығы әлі естіліп тұр. Соғыс та , оны бастан кешкен батырлар да ешқашан ұмытылмайды. Елін, жерін жаудан қорғаған боздақтардың есімдері тарихымызда алтын әріппен жызылып, ұрпақтарының есінде мәңгі сақталмақ.

Хамза Мерғалиев 1925 жылы Жымпиты ауданы, Қараоба ауыл кеңесіне қарасты Көгеріс ұжымшарында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Мерғали Мұхамедиев 1889 жылы Жымпиты ауданы, Қазақстан ауыл кеңесінде туған. 1934 жылы Тасқұдық кеңшарында темір шебері болып жұмыс жасап жүріп, науқастанып қайтыс болады. Шешесі Жаниқа да Қазақстан ауылынан. Хамзаның атасы Мұхамедия кезінде молда болып, бала оқытқан. Бірақ өз алдына мешіт ұстамаған, сол заманның сауатты, беделді адамы болған.

WhatsApp Image 2025-04-16 at 16.31.49

Хамза 1934-1942 жылға дейін Қараоба бастауыш, кейін Бұлдырты орта мектебінде оқып, білім алған. Кенеттен басталған соғыс бәрін астан-кестең етіп, оқумен қатар еңбек етпесе болмайтын болды. Хамзаға әкелер мен ағалар орнын жоқтатпай, жанұяға қамқор болуға тура келеді.

1942 жылы маусым айында Оралдағы №11 фабрика зауыт оқуы мектебіне алынып, оны 1943 жылы қаңтар айында бітіріп шығады. Мектептің жолдауы бойынша 1943 жылы қаңтардан мамыр айының ортасына дейін Саратов қаласындағы вагон жөндеу депосында слесарь – вагонщик болып жұмыс жасап, сол жылы маусым айында елге оралады.

1943 жылы қыркүйек айына дейін Көгерісте болып, осы жылы 20 қыркүйек күні Жымпиты аудандық соғыс комиссариаты арқылы Кеңес Армиясы қатарына алынады. Орынбор қаласындағы №61 запастағы атқыштар дивизиясында қысқа мерзімді әскери даярлықтан өткен жас жігіт бірінші Украина майданының №194 және 44 гвардиялық атқыштар полктері құрамында от жалынға түседі.

Одан әрі Украина, Польша, Чехославакия елдерін азат ету жолында Краков, Братислав, Бреслау, Дрезден, Берлин бағытындағы ұрыстарда талай рет батылдық танытып, ерлік көрсетіп, командование тапсырмаларын абыроймен орындай білді. Әскери басшылар мұны елеусіз қалдырған жоқ. Соғыс жағдайы тез есейткен кешегі ауыл жігітінің төсінде үшінші дәрежелі Даңқ және Отан соғысы ордендері жарқырап, медальдар бірінен соң бірі тағылып жатты.

Хамза Мерғалиев 1948 жылы 13 ақпандағы КСРО Министрлер алқасының қаулысы бойынша осы жылы ақпан айы ішінде Кеңес Армиясы қатарынан запасқа босатылады.

1948 жылы наурыз айының 15-нен қазан айына дейін Жымпиты аудандық кеңес атқару комитетінің құпия бөлімінде қызмет етті. Кейін аудандық комитетінің ұйымдастыру кадр бөліміне ауысты, әрі қарай екінші хатшы болды.  Тәртіп пен еңбекті егіз деп білетін ол атқару комитетінде нұсқаушы, Жымпиты, Өленті ауылдық кеңестерінің  төрағасы қызметтерін атқарады.

1966 жылы маусым айында Сырым ауданының архиві ашылды. Өткен, қазіргі және болашақтың байланысы, тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мекемені басқару Хамза Мерғалиевке тапсырылды. Ардагер  1991 жылы зейнетке  шыққанша  құжаттар үйін басқарды.

WhatsApp Image 2025-04-16 at 16.31.12

Жемісті еңбегі үшін Қазақ ССР-ы Жоғарғы кеңесінің, Орал облысыныңҚұрмет грамоталарымен, өз ісінің озаты белгілерімен сан мәрте марапатталды. Хамза Мерғалиұлының қайраткерлігі -  Жымпиты, Тайпақ, Қаратөбе сияқты тарих қосқан, топырақ біріктірген үш ауданның архив құжаттарын  жинау ісін бастап, тиянақтағаны. ол  ел тарихы қазынасы ретінде құжаттарды сақтау жолында аянбай еңбек етіп, архив ісінің дамуына зор үлес қосқан маман бола білді.

Қазіргі кезде ата жолын біз жалғастырып жатырмыз. Архив – уақыт тоқтайтын жер.

 

                                                                                      Ардақ Шілмұханова,

БҚО мемлекеттік архиві

                                                                                      Сырым аудандық филиалы директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале