16.04.2025, 18:00
Оқылды: 189

Оралдық зияткерлер республикалық пікірсайыс турнирінде өңіріміздің намысын қорғайды

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары республикалық пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, білім мен шешендік сынға түскен додада өздерінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.

IMG_0030

Атап айтқанда, орыс және ағылшын лигаларында бақ сынаған зияткерлер қалалық кезеңде үздік нәтиже көрсетіп, облыстық кезеңге жолдама алған болатын.  Облыстық турнирде ағылшын лигасында ерекше белсенділік танытып, өз қарсыластарынан оза шауып, республикалық кезеңге өту құқығына ие болды. Осыған дейін «Ұлттық пікірсайыс», «Orators cup» турнирлерінде топ жарып жүрген «НЗМ» фракциясы енді Семей қаласында өтетін додада ағылшын лигасы бойынша өңіріміздің намысын қорғайды.

Шешендік шеберлік пен терең білім – жеңістің негізі

Пікірсайыс турнирі – тек ақпараттық дайындықты ғана емес, сонымен қатар сыни ойлау қабілетін, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қажет ететін күрделі дода. Зияткерлік мектептің оқушылары дәл осы қабілеттерді жоғары деңгейде көрсете білді.

Турнир барысында қатысушылар түрлі өзекті тақырыптарды, соның ішінде білім беру жүйесі, экология, әлеуметтік әділеттілік пен заманауи технологиялардың ықпалы сынды маңызды мәселелерді талқылады. Оқушылар өз ұстанымдарын дәлелдермен нақтылап, қарсы тараптың аргументтерін шебер түрде жоққа шығарып отырды. Бұл – олардың логикалық ойлау қабілетінің, терең білімінің және командалық жұмыстағы үйлесімділігінің айқын көрінісі.

IMG_0038

Ұстаздар еңбегі – табыстың кепілі

Жетістіктің артында оқушылардың тынымсыз еңбегімен қатар, бағыт-бағдар беріп отырған ұстаздың қолдауы тұр. Тарих пәнінің мұғалімі Иргалиев Сабыр Сайынұлы оқушыларға жетекшілік етіп,  дайындық кезінде тек шешендікке ғана емес, тақырыптық білімге де ден қойып, күнделікті сабақтан тыс уақытта да ізденіс пен дайындық жүргізді.

Пікірсайысшы, «Үздік спикер» атанып жүрген 11 сынып оқушысы Убишова Анель:

«Пікірсайыс – мен үшін тек жарыс емес, бұл – өз ойымды ашық айтуға, тыңдаушыны сендіруге, қарсылас пікіріне құрметпен қарауға үйрететін өмірлік мектеп. Бізді осы деңгейге жеткізген ұстаздарымызға алғысымыз шексіз», – деп өз әсерімен бөлісті.

IMG_0040

Болашақ көшбасшылар қалыптасуда

Осындай ауқымды турнирлер – жас зияткерлердің азаматтық белсенділігін арттырып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға мол мүмкіндік береді. Олар пікір айту мен дауласудың мәдениетін меңгере отырып, еркін ойлау мен өз ойын нақты жеткізуді үйренеді. Бұл дағдылар болашақта олардың әр салада табысты болуына зор ықпал етеді.

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері алдағы республикалық кезеңде де жоғары нәтиже көрсетіп, өңір намысын абыроймен қорғайды деген сенім мол. Жас пікірсайысшыларға шығармашылық шабыт пен сәттілік тілейміз!

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

IMG_0036 IMG_0037 IMG_0041

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале