Жуырда Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінде «Ауыл шаруашылық техникаларын жөндеу және қызмет көрсету» құзіреттілігі бойынша республикалық кәсіби шеберлік байқауының облыстық кезеңі өтті. Мақсаты – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқу процесіне WorldSkills халықаралық қозғалысының стандарттарын бейімдеу және енгізу бойынша озық педагогикалық тәжірибемен бөлісу, сондай-ақ талантты, дарынды, шығармашыл педагогтерді қолдау.

Шараның ашылу салтанатына арнайы шақыртумен облыстық әдістемелік орталықтың техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің әдіскері Ж.Қарманова, колледждің әлеуметтік серіктестері: Чапаев орман және жануарлар дүнесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры А.Елеусінов, «ҚазақАвтожол» ЖШС-нің Ақжайық филиалының директоры Т.Айтпаев, колледж студенттері мен мектеп оқытушылары қатысты. Жиналғандар алдында Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің директоры Жарас Сағындықов сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауда Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі, Бөкей ордасы колледжі, Тасқала колледжі, М.Б.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі, Шыңғырлау колледжі және Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің оқытушылары бақ сынады.
Аталмыш байқау «Ауыл шаруашылығы машиналарын жөндеу және қызмет көрсету» құзыреті бойынша тест тапсырмаларын орындау, тұқым сепкішті ретке келтіру, «МТЗ-82» тракторын ПТС-6 тіркемесімен жүргізу, «JOHN DEERE» тракторына айналмалы соқаны ілу және ПТ-165М бума пресс жинағышын реттеуден тұратын 5 кезеңде өтті. Нәтижесінде Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері А.Серікұлы І орын, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы С.Сұлташев ІІ орын алып, ІІІ орынды Бөкей ордасы колледжінің өндірістік оқыту шебері А.Үмбеталиев иеленді.
Шара соңында барлық сайыскерлер мен сарапшыларға облыстық білім басқармасының сертификаттары табысталды.
Айжан Ақыл,
Ақжайық ауданы