Биылғы жылдың елімізде «Жұмысшы мамандығы жылы» деп жариялануы – еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін жаңа деңгейге көтеріп, олардың елеулі еңбегіне құрмет көрсетудің нақты көрінісі. Бұл бастама – қарапайым жұмысшыларға деген сенім мен ризашылықтың айғағы. Ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген білікті мамандардың бірі, жерлесіміз – энергетика саласының үздігі, өз ісінің майталманы Қуаныш Хайруллин.

Энергетика – ел экономикасының негізігі саласы, тіршілігінің негізгі тетіктерінің бірі. Жылу мен жарықты қамтамасыз ететін бұл салада әрбір маманның еңбегі бағалы. Осындай күрделі де маңызды салада абыроймен еңбек етіп жүрген Қуаныш Таңатарұлы 1978 жылы 17 сәуірде Бөкей ордасы ауданының, Ұялы ауылында дүниеге келген. Мектептен кейін Бөрлі техникалық мамандандырылған колледжінде оқып, «техник-электрик» мамандығын меңгеріп шығады.
Еңбек жолын 1999 жылы Бөкей ордасы аудандық электр торабында электрик-монтер қызметінен бастайды. Ал 2004 жылы Бәйтерек ауданының Щапов ауылына қоныс аударып, сол кезден бері осындағы электр торабында үздіксіз еңбек етіп келеді. Қай жерде қызмет етсе де, кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында ел-жұрттың, әріптестерінің арасында үлкен беделге ие болды.
2019 жылы Бәйтерек аудандық электр торабына қарасты Үлкен Шаған бөлімшесіне шебер лауазымына тағайындалып, бұл қызметте де біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін жоғары деңгейде көрсете білді. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибе алмасуда да белсенділік танытып келеді.
Қуаныш Таңатарұлы басшылық ететін аумақтағы электр желілерінің техникалық жағдайы тұрақты бақылауда. Елді мекендерде ескі желілер кезең-кезеңімен жаңартылып, апатты жағдайлардың алдын алу бағытында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе қыс мезгілінде үздіксіз жылу мен жарықтың болуы маңызы зор болғандықтан, кезекшілік күшейтіліп, арнайы бригадалар тәулік бойы дайын тұрады.
– Электр желілері – бұл ел тіршілігінің күретамыры. Бір ғана үзіліс – ауыл тұрғындары үшін үлкен қолайсыздық тудыратыны, кәсіпкерлерге шығын келтіретіні анық. Біздің салада ел бойынша кеңес дәуірінен келе жатырған тозығы жеткен электр желілері, бағаналар, трансформаторлар әлі де баршылық. Барлығын бір мезгілде ауыстыру көп қаражатты қажет етеді, дегенмен мүмкіндігіне қарай жоспарлы жаңғырту жұмыстары жүруде. Энергетика, соның ішінде электр энергетикасы – үнемі дамып, жаңарып отыратын сала. Бұл мамандықты меңгерген жастар әрдайым сұранысқа ие болмақ. Жастарды бұл салаға тарту үшін мемлекет тарапынан қолдау жақсарса, әсіресе ауылдық жерге еңбек етуге барған мамандарға көтермеақы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен тұрғын үй алуға, балаларын балабақшаға орналастыруға жеңілдіктер берілсе – бұл үлкен ынталандыру болар еді. Жалпы электрик мамандығы ептілік пен шеберлікті талап етеді. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, желі құрылымын толық меңгеру, апатты жағдайға жедел әрекет ету – осының бәрі үлкен жауапкершілік пен кәсіби машықты қажет етеді,- дейді білікті маман.

Қуаныш Таңатарұлының көпжылдық еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. 2014 жылы «Энергетика ардагері» атағына ие болса, 2016 жылы «Құрметті энергетик» төсбелгісімен марапатталды. Ал 2020 жылы «ГОЭЛРО жоспарына 100 жыл» мерекелік медалі табысталды.
Қарапайымдылығы мен кәсібіне деген адалдығы арқылы халық құрметіне бөленген Қуаныш Таңатарұлы – көпке, соның ішінде жас буынға үлгі боларлық жан. Осындай еңбекқор, елжанды азаматтар – мемлекетіміздің мызғымас тірегі, қоғам дамуының қозғаушы күші.
Жадыра Зейнешова,
Щапов ауылдық кітапханасының
кітапханашысы,
Бәйтерек ауданы