Осыдан төрт жыл бұрын ел тарихында алғаш рет аудандық маңызы бар қалалар, ауыл мен кенттер және ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өтті. Сол кезде ауылбасын таңдаған Ақжайық ауданының Тайпақ және Бударин ауылдық округтерінің тұрғындары бүгін осы мақсатпен қайтадан сайлау учаскелерінен табылды.

Ауылдың ертеңін анықтайтын маңызды бұл додаға саяси партиядан 1 және өзін өзі ұсынған 5 үміткер түскен болатын. Ал олардың кім болатынын, ауылдың тізгінін кім ұстайтынын Тайпақ ауылдық округінде 3004, Бударин ауылдық округінде 933 сайлаушы дауыс беру арқылы анықтайды.

Таңғы сағат 7-ден бастап қос округке қарасты 7 сайлау учаскелеріне ауыл-елінің болашағын ойлаған және өз даусының маңызды екенін түсінген азаматтардың алды тағдыршешті таңдауын жасауға асықты. Оның барысын жіті назарда ұстап отырған байқаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдері сайлауда бәрі әділ әрі ашық өтіп жатқанын хабар етеді.
Орынбасар Кәрімов, «Жаңа ғасыр» қоғамдық бірлестігінен байқаушы, Тайпақ: Мен сайлау учаскесі ашылғанда келдім, өту барысын бақылап отырмын. Әрине, бұл саяси науқанның жергілікті тұрғындар үшін маңызы зор. Бүгін тұрғындар өздері алдағы 4 жылға ауылдың болашағын айқындайтын адамды сайлайды. Тайпақ ауылындағы №30 сайлау учаскесінде ешқандай құқықбұзушылық тіркелген жоқ. Бәрі де әділ, ашық өтуде.

Мүгедектігіне немесе басқа бір себептермен сайлау учаскесіне келе алмайтын 111 жанға сайлау бюллетеньдері әдеттегідей үйлеріне жеткізілді.
Әсем Есбек
Ақжайық ауданы