22.04.2025, 10:00
Оқылды: 325

Ардагер һәм ұстаз

Талай отбасын қан жылатып, сан тағдырға балта шапқан Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл. Майдан даласында көзсіз ерлік көрсетіп, соғыстан кейінгі бейбіт өмірмен біте қайнасып, елдің аяққа тұрып кетуіне үлес қосқан ардагерлер қандай мақтауға да лайық. Солардың бірі – марқұм Ғабдіреш Ғабдуллин.

WhatsApp Image 2025-04-22 at 10.44.21

Ол 1920 жылы Жәнібек ауданындағы Ақоба ауылында дүниеге келген. 9 жасында ата-анасынан айырылған кейіпкеріміз жетімдер үйінде тәрбиеленеді. Тағдырдың жазғанын қасқайып қабыл алған ол бар күш-жігерін оқуға салады. Бала Ғабдіреш мектепті ойдағыдай аяқтап, Орал қаласындағы мұғалімдер техникумына оқуға түскен. 1938 жылы Шыңғырлау ауданы, сол кезде Правда аталған ауылдағы орта мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасады. Көп ұзамай аудандық комсомол комитетінің  І хатшысы болып сайланады. Еңбек жолын енді бастаған шақта соғыс басталды. Сондай қиын-қыстау күндерде майдандағы жауынгерлерге көмек көрсету үшін Ғабдіреш Ғабдуллин ауыл-ауылды аралап, сарбаздарға киім-кешек жинайды. Қазіргі тілмен айтатын болсақ, волонтерлықпен айналысқан. 1942 жылы Жымпитыдағы әскери комиссариатқа шақырылып, майданға аттанады. 989 және 57-атқыштар полкінде болған кейіпкеріміз Солтүстік батыс, Калинин, Прибалтика, Сталинград майданында және Смоленск қаласы түбіндегі шайқастарға қатысады.

1942 жылы 989-атқыштар  полкінде мерген болады. Кескілескен біраз шайқаста көзге түседі. Оқыған, техниканың да тілін менгерген Ғабдіреш ағай көп ұзамай байланыс және барлау ротасына қабылданған. Жау тылына өтіп, ол жақтан қажетті ақпаратты жинау, тіл алып келу сияқты тапсырмаларды сәтті жүзеге асырады. 1942 жылы сондай тапсырмалардың бірін орындау барысында жау жағы барлаушыларды байқап қалып, ізіне түседі. Саны басым жаудан шегіне жүріп соғысқан барлаушылар жинаған ақпаратты тез арада штабқа жеткізу үшін байланысқа шығады. Осы сәтте жау оғының бірі Ғабдіреш ағай ұстаған телефонға тисе, ал екінші оқ оның саусағын жұлып әкетеді. Соған қарамастан, олар өз шебіне оралып, ақпаратты жеткізеді.

Жарақаттан емделіп шыққан соң майдан алаңына оралған Ғабдіреш Ғабдуллин 57-атқыштар полкінің құрамына ауысқан. 1943-1944 жылы Солтүстік батыс майданында, 1944 жылы Калинин майданында, 1944 жылдың қазан айына дейін ІІІ Прибалтика майданында барлаушыминер болады. Осы жылдары ол талай кескілескен ұрысқа қатысқаны өз алдына, жау қойып кеткен миналарды залалсыздандыру ісін де ойдағыдай жүзеге асырған. 1944 жылы Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынылған. Бірақ марапатын растайтын құжаты кейін жоғалып кетеді.

Соғыстан оралған соң Ғабіреш ағай орденін іздегеннен гөрі елдің жағдайын жақсарту жолында, бала оқыту, оқу-ағарту ісіне бел шеше кірісті. Орденнің жоғалып кеткен құжатын Ғабдірештің ұрпақтары іздейді. Ресей Қорғаныс министрлігінің атамыздың немересі Жеңіске берген бір мәліметінде: «Социалистік Отанның адал ұлы, темірдей тәртіпті, өзгелерге үлгі, сонымен қатар комсомол жетекшісі, білікті үгітші, ротаның құрамында үгіт жұмысын белсенді жүргізіп, жауынгерлерді қолдап келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы, үш рет жараланып, бір соғыста бастан ауыр жарақат (контузия) алған. Полкинск ауданы аймағында 1944 жылдың 25 тамызынан 26 қыркүйекке дейін үзіліссіз мина залалсыздандыру жұмысын жүргізді. Бір өзі 1112 минаны залалсыздандырып, жойды. Ғабдіреш Ғабдуллиннің ерен ерлігі жоғары бағаланып, Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынылды» – делінген.

Қызыл Жұлдыз ордені екінің біріне берілетін марапат емес. Ол жаудан қайтпай, орасан ерлік жасаған жауынгерге беріледі.

Тумысынан сөздің емес, істің адамы болған Ғабдіреш ата соғыс туралы айтқанымен, өзінің наградалары жайында, оны қалай алғаны туралы тіс жара қоймапты. Атасының орденінің тарихын білмек болған немересі Жеңіс оның Қызыл Жұлдыз орденінің құжатын іздестіруге кіріседі. Сөйтіп орден 1944 жылы табысталғанын анықтайды. Содан РФ Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына хат жолдайды. Көп ұзамай оған жауап келеді.

Хатта: «Сообщаем, что рядовой Габдуллин Габдырыш, 1920 года рождения, место рож­дения: Западно-Казахстанская обл., Джамбетинский р-н, к-з им. Сталина, место отправки Чингирлауский р-н, им. Сталина, минер 3-роты 137-военно-строительного отряда 2-фронтового управления оборонительного строительства 3-Прибалтий­ского фронта награжден орденом Красной Звезды №999446 приказом войска 3-Прибалтийского фронта №0473 от 13. 10. 1944 году. Награда вручена, орденская книжка Б№381054. Одновременно с­общаем, что в ЦА МО РФ имеются сведения, что минер Габдуллин Габдырыш 19 мар­та 1945 года выбыл из эвакогоспиталя №3032 в эвакогоспиталь №423. Дальнейшая его судьба неизвестна» деп хабарлаған.

Ал шын мәнінде, ол майдан даласына қайта оралған. Псков қаласы маңындағы жан алысып, жан беріскен шайқаста бір аяғынан және бір қолының саусақтарынан айырылады. Госпитальге түсіп, 1946 жылы маусым айының соңында ғана елге оралады.

Соғыстан кейін Ғабдіреш атай Шыңғырлау ауданына қарасты сол кезде Сталин селолық советіне (қазіргі Ұрысай ауылын) хатшы болып жаңа еңбек жолын бастайды.

1947 жылы Бижамал есімді сұлуды кезіктіріп, отбасын құрады. Жан-жарының алаңсыз еңбек етуіне бар жағдайын жасауды ұйғарған Бижамал апамыз өмір бойы бала тәрбиесімен айналысты. Ал Ғабдіреш атай хатшылықтан өзінің сүйікті ісі ұстаздыққа бет бұрады. Содан ол табан үзбестен 50 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарды.

Ұстаздықтан бөлек өнерге де балаларды баули білген Ғабдіреш Ғабдуллин ауыл бүлдіршіндерінен шекті аспаптар ансамблін құрады. Көп ұзамай оның оқушылары Шыңғырлау ауданындағы үздік ансамблдердің біріне айналды. Кейіпкерімізден тәлім алып, өмірін өнермен байланыстырған Гүлбағыш Алдиярова атты шәкірті биік белестерді бағындырды.

Ғабдіреш ағаймен Қуағаш орта мектебінде 1971-1973 жылдары жұмыстас болған Мәрзия Нарегеева ол кісінің шыншылдығы мен тура сөйлейтіні, уақытты бағалауы және жұмысына деген жауапкершілігі көпті таңғалдыратын деп еске алады.

– Оқушылар да, ата-аналар да Ғабдіреш ағайды қатты сыйлайтын. Оның оқушыларының көбі өмірден өз орнын тапты, ауыл әкімі, мұғалім, механизатор сияқты мамандықтарды игерді. Олардың мінездерінде ағайдың тәрбиесі көрініс тапқан. Қай мектепте істесе де, өмірінің соңына дейін мектеп ұжымына қол ұшын беріп өтті, – дейді Мәрзия апа.

1975 жылы Шыңғырлау ауданына қарасты Жаңакүш ауылында жаңа 8 жылдық мектеп ашылады. Сол жылы Ғабдіреш аға Новопетровка ауылынан Жаңакүшке қоныс аударады. Жаңа мектеп директоры болып тағайындалған Әділхан Әбілманұлы кейіпкерімізді бұрыннан танитын болғандықтан қоныс аударған ұстазды бірден бастауыш сынып мұғалімі етіп жұмысқа қабылдайды.

– Ғабдіреш ағай менен жасы үлкен еді. Соған қарамастан әрдайым кішіпейілдік танытып жүретін. Балалары да тәрбиелі. Соғыс салған жара оның жүріп тұруына қиындық туғызса да, сабаққа кешігіп келмейтін, өз жұмысын ерекше сүйетін жан еді. Ұстаздар да, ата-аналар да оны қатты құрметтейтін. Ғабдіреш ағайдан әріп үйренген балалардың сабақ үлгерімі де жоғары болды, – дейді Әділхан ұстаз.

Жаңакүште бірге жұмыс жасаған Әділхан аға мынадай бір қызық деректі де есіне алды. Жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын ардагер ұстаз ата-аналар жиналысын өткізген кезде түрлі себептермен келмей қалған ата-аналарды үйіне балдағына сүйеніп барып, мектепке алып келеді екен. Ұстаздан сондай жан-кештілікті байқаған ата-аналардың оған деген құрметі ерекше болған.

– Бастауыш сыныптан бөлек ән сабағын да Ғабдіреш аға өткізіп жүрді. Соның арқасында оқушыларды түрлі үйірмелерге қатыстырып, өнерге баулитын. Мұғалімдерді де жинап алып, ауылда өтетін түрлі концерттерге дайындап жүрді. Осы кезде аудан басындағы басшылық Жаңакүш мектебі түгелдей өнерпаз ұстаздар мен балалардан құралған деп айтушы еді, – дейді әріптесі Әділхан аға.

1978 жылдың қысында Шыңғырлауға Алматыдан Білім министрлігінің тапсырысымен «Бастауыш мектебі» журналының тілшілері келіпті. Бүлдіршіндерге әліппе үйретуші үздік мұғалімдер жайында мақала жазбақшы екен. Содан оны білім бөлімі Жаңакүшке жіберген. Көп ұзамай журналист Раушан Мұратәлиев есімді азамат ауылға келеді.

– Журналист Ғабдіреш ағайдың сабағына қатысты. Оның түрлі әдіс-тәсілдерін көріп, таңғалғанын жасырмады. Кетерінде Ғабдіреш ағай туралы сұрағанымда: «Бұл ұстазыңызды мен қазақтың Маресьеві дер едім. Оның жанкештілігі мен жұмысына деген адалдығы мені таңғалдырды», – деп жауап берді. Артынша бір айдан соң «Бастауыш мектебі» журналына Ғабдіреш ағамыз туралы мақала шықты, – дейді Әділхан Әбілманұлы Бала күннен жетімдіктің тауқыметін көріп, жастық шағын қан майданда өткізген Ғабдіреш ағамыз ғұмырын бала оқытуға арнады. Жасында көрген қиындығын шәкірттері мен отбасы ұмыттырған. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Қызыл жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталса, бейбіт күндегі еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, «КСРО ағарту ісінің үздігі», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Шын марапат қашан да өз иесін табады  деген осы-ау?!

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале