22.04.2025, 11:15
Оқылды: 387

«Парасатты халықты әдебиет қалыптастырады»

Орал қаласында Ұлттық  кітап  күніне  арналған  кең  ауқымды  мерекелік  іс-шара  өтті.  Бұл  –  ұлт  руханиятының  биік  тұғыры  кітапты  сүюге,  оқуға,  қадірлеуге  үндейтін  айтулы  мереке.  Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаев  өткен  жылы  Ұлттық  құрылтайда  бұл  мерекені  мазмұнды  етіп  ұйымдастыруды  тапсырған  еді.  Халықаралық  кітап  және  ауторлық  құқық  күнімен  үндесетін  бұл  дата  елімізде  алғаш  рет  мемлекеттік  деңгейде  тойланып  отыр.

DSC09442

Абай ескерткіші жанындағы алаңда ұйымдастырылған «Кітап қалашығы» көрмесі көрермендер назарын бірден өзіне аудартты. Әлем және қазақ әдебиетінің жауһарларына толы кітап сөрелері, жанрларға бөлініп қойылған танымдық дүниелер, түрлі баспалардың өнімдері кітапсүйер қауымға ерекше тарту болды.

– Кітап – адамзат өркениетінің рухани байлығы, ақыл мен парасаттың қайнар көзі. Кітап арқылы ұрпақтан-ұрпаққа даналық пен білім, салт-дәстүр мен рух беріледі.

Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайту. Қазіргі таңда облысымызда 356 кітапхана заман талабына сай қызмет көрсетуде. Оқитын қоғам қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалуда, – деді көрмеге арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев. Іс-шара барысында қазақтың үш алыбы – Абай Құнанбайұлы, Жұбан Молдағалиев және Қадыр Мырза Әлидің бейнесі сахналанды. Бұл ерекше инсталляциялық көрмені Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістері дайындаған. Көрермен қауым ақындардың жан толқытар, жүрек тебірентер жырларын тыңдап, рухани әсерге бөленді.

– Бүгінгі айтулы күнге Алматыдан арнайы келдім. Мұндай іс-шара еліміздің барлық қалаларында өтіп жатыр. Қоғамдағы көптеген кемшіліктер – кітап оқымаудан туындайды. Адамға ең керегі –  білім, сауат, парасат. Ал мұның бәрі – кітапта. Мен келер ұрпақтың білімпаз болатынына сенемін, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтулы ақын Ақұштап  Бақтыгереева.

Іс-шара аясында көрермендерге «Ой маржаны – кітап»  атты жаңа әдебиеттер, «Қолөнер мен қылқалам» көрмелері, сондай-ақ жергілікті баспаханалар мен кітап дүкендерінің өнімдері ұсынылды. Көрмеде жергілікті суретшілер мен қолөнершілердің еңбектері де ұсынылды.

– Мемлекет басшысы былтыр Атырау қаласында, 2023  жылы Түркістан шаһарында өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиынында халқымызды қайтадан кітап оқитын жұртқа айналдыруымыз  керек екенін ерекше екпін түсіріп айтты. Бәріміз де жібі түзу, иманды, әділетті, парасатты қоғамда өмір сүргіміз келеді. Парасатты қоғамды парасатты халық, ал парасатты халықты көркем әдебиет қалыптастырады. Осыдан-ақ адамзат қоғамы үшін де, жеке адам үшін де көркем әдебиеттің мән-маңызы айрықша зор екенін аңғаруға болады. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам қылған – кітап, ал адамзат қоғамы қылып қалыптастырған – кітапхана» деген сөзі бар. Осы орайда аға толқын ретінде өзіміз де кітап оқуға қайтадан ден қойып, жас буынға  үлгі болайық. Себебі біз ұлттық рухтағы жас ұрпақты  қалыптастыруға, тәрбиелеуге  міндеттіміз, – деді жазушы журналист, Құрмет орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалының төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин.

Осылайша Ұлттық кітап күні – кітаптың адамзат өркениетіндегі орны мен маңызын айшықтайтын, кітап мәдениетін насихаттайтын мерекеге айналды.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале