Өткен аптада Орал қаласындағы «Зенит» мәдениет үйінде «KEZDESU» деген атаумен поэзиялық кеш өтті. Сезім қылын шертетін ерекше кешті Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының жастары ұйымдастырды.

Аталмыш іс-шарада ғашықтық жырлары оқылып, өлең мазмұнына сай көрініс қойылды. Белгілі жазушы Сәбит Дүйсенбиевтің «Мен ғашық емеспін» монологында Абылайдың алғашқы махаббатына деген сезімі баян етілген. Кейін оның сырлы әңгімелері әуезді әуендерге ұласып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Шырқалған әндерді облыстық камералық оркестрі ұжымы сүйемелдеп отырды. Театр әртісі, ақын Назерке Есенова «Белгісіз жанға» атты ауторлық өлеңін көпшілікке ұсынды. Поэзиялық кештің қоюшы режиссері – өңірге белгілі театр әртісі Құралбек Қатшаев. Көркемдік жетекшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Салауат Түменов.

Айта кетелік, театр жастарынан құралған бұл шығармашылық топ «Ғашықтар күні» қарсаңында поэзиялық кеш өткізуді дәстүрлі үрдіске айналдырған. Қазір топ құрамында оннан аса қатысушы бар. Олар қойылымда кейіпкер рөлін сомдаудан бөлек ән айтып, әртүрлі аспаптарда шебер ойнайды. Жаңа бағытта жыр кешін өткізген жастар іс-шара соңында көрермен қошеметіне бөленді.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»