Бөкей ордасы ауданының Т.Масин ауылдық округіне қарасты «М.Боранбаев» шаруа қожалығының азықтық дақылдар егу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Көзі қарақты оқырмандарымызға мәлім, Мырзабай Боранбаев иелік ететін аталмыш қожалық жайылымдарды түбегейлі жақсарту, малды сапалы мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдан бастап егін егумен айналысады. Алдымен 500 гектар жерге мал азықтық дақылдар екті. Оның 160 гектарына көпжылдық шөп, 200 гектарға арпа, еркекшөп, 140 гектарына судан шөбін егіп бастаған. Егістік жұмысы өз нәтижесін берді. Бастаған ісінің нәтижелілігіне көз жеткізген Мырзабай Боранбаев 2023 жылы қосымша 160 гектар жер алып жыртып, егіс көлемін 660 гектарға жеткізді. 2024 жылы көктемде судан шөбін егіп, өнімділігіне қарай 1300 рулон шөп алса, көпжылдық шөптен 200 рулон шөп алды.
Биылғы көктемгі далалық мал азықтық дақылдар егу жұмыстары аяқтала келді. Осы жолы 100 гектарға еркекшөп, 5 гектарға изен, 7 гектарға екпе шөп, 1 гектарға жоңышқа, 550 гектарға судан шөбі егілді.

Құнарлығы жоғары изеннің егістік жұмыстарына кеңесін беріп, ғылыми тұрғыдан қолдау көрсетіп жүрген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетов пен Жәңгір хан атындағы Батыс |Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Орал ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының бөлім меңгерушісі Төлеген Бөлеков те егістік басына арнайы кеп, жұмыс барысын қадағалады.
Егістік жұмыстарына МТЗ-80, МТЗ-1281, Т-4 Алтай, LOVOL сияқты агрегат, трактор жұмылдырылған. Төрт тракторшы, автокөлік жүргізушісі, жанармаймен қамтамасыз етуші мен аспазын қоса алғанда, жеті адам егін даласында қызу еңбек етуде.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин де Бөрлідегі берекелі іске куә боп қайтты. Жексенбайұлы жалғыз бармай, екпе шөп егіп, малына азық дайындаудың тиімді жолын жөн деп тапқан Аян Бисембаев сияқты жас шаруаларды да ертіп, барып, Мырзабай ағамыздың тәжірибесін көрсетіп қайтты.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы