24.04.2025, 10:30
Оқылды: 263

Инватакси қызметі талапқа сай емес

ҚР  Мемлекеттік  қызмет  істері агенттігінің  Батыс  Қазақстан облысындағы  Әдеп  жөніндегі  кеңестің  кезекті  отырысы  өтті.  Бұл  жиында  заңбұзушылықтың  алдын  алуға  бағытталған  іс-шаралар  мен  мемлекеттік  қызметшілердің  заңнама  талаптарын  сақтауына  қатысты  жеті  мәселе  қаралды.  Оның  үшеуі  –  лауазымды  тұлғаларға  қатысты  тәртіптік  іс. 

DSC08380

Кеңесте алдымен Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаеваға қатысты тәртіптік іс қаралды. Аудандық прокуратура жүргізген тексеру барысында мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдайтын инватакси қызметіне қатысты бірнеше заңбұзушылық анықталған.

– Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, мүгедектігі бар 30 адамға инватакси тек жұмыс күндері сағат таңғы 8-ден кешкі 19:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Мұндай шарт қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын шектейді, – деді Сырым ауданы прокуратурасының прокуроры Қайырбек Темірбай. Сонымен қатар ауданда мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау талаптары бұзылғаны да анықталған. Яғни қызмет көрсеткен көліктер арнайы құралдармен  жабдықталмаған.

– Биыл аталмыш қызметті бір лотпен ұсындық. Ауданда тасымалдау қызметін бір көлік көрсетіп жатыр. Қазіргі уақытта көлік иесі арнайы гидравликалық құрылғы орнатуда. Алдағы уақытта мәселе шешімін табады, – деді Кенжегүл Исатаева.

Кеңесте Казталов ауданы Бостандық ауылдық округінің әкімі Есбол Сақауовтың да тәртіптік ісі қаралды. Ол былтыр масаң күйде аутокөлік айдағаны үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Соған қарамастан көлік жүргізген. Ауыл әкімі өз кінәсін мойындады.

– Мекеменің көлік жүргізушісі денсаулығына байланысты жұмыста болмады. Сол себепті көлік рөліне өзімнің отыруыма тура келді. Өйткені қызым ауырып, тез арада облыс орталығына жеткізу керек болды. Қалаға кіре бергенде полиция қызметкері тоқтатты. Салынған айыппұлды уақытында  төледім, – деді  Есбол  Сақауов.

Сондай-ақ кеңес отырысында Бәйтерек ауданының жер қатынастар бөлімінің басшысы Александр Полежаевтың да тәртіптік ісі қаралды. Ол облыс орталығындағы Жәңгір хан көшесінде қоқыс лақтырып, құқықбұзушылыққа жол берген. Темекі тұқылын тастайтын орын таппаған мемлекеттік қызметші кеңес отырысына  шақырылғанымен,  келмеді.

Кеңес мүшелері ісі қаралған барлық мемқызметшіге ескерту жариялап, жауапкершілікті күшейту  керектігін  қаперге  салды.

Жиында мемлекеттік қызметшілерімен әдеп қағидаларын сақтау мәселесі бойынша жүргізілген жұмыстар туралы облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айман Хайруллинаның есебі тыңдалды. Сондай-ақ облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама және қызметтік әдеп талаптарының сақталуы мәселесі бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері қаралды. Кеңес мүшелері департаменттің жұмысына оң баға беріп, оның тәжірибесін өзге ұйымдарға үлгі етуді  ұсынды.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын беру мен іссапар шығындарын төлеу талаптарының сақталуына жүргізілген талдау қорытындысы таныстырылды. Оның нәтижесінде тиісті іссапар шығындары негізсіз төленбей қалған 27 мемлекеттік қызметшінің шығыны өтелді. Бұған қоса мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру тәжірибесіне жүргізілген талдау нәтижелері талқыланып, бұл саладағы ашықтық пен әділдік қағидаттарының маңыздылығы жайында да  мәселе  қозғалды.

– Мемлекеттік қызметшінің әдебі – оның кәсібилігі мен халық алдындағы жауапкершілігінің айнасы. Әдеп қағидаларын сақтау – тек ішкі тәртіп емес, бұл қоғам сенімін нығайтудың басты шарты, – деді әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы  Мұрат  Байсалов.

Отырыс қорытындысында бірқатар ұсынымдар мен нақты тапсырмалар беріліп, тиісті мемлекеттік  құрылымдарға  жолданды.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале