Казталов ауданы Жалпақтал ауылдық Мәдениет үйінде «IV — Ұлы дала қызғалдағы» этномәдени фестивалі аясында екінші күн «Даланың жеті кереметі» атты суретшілер симпозиумы өтуде.

Суретшілер симпозиумында негізінен кәсіби суретшілердің өкілдері белгілі тақырып пен жоба аясында бас қосып, бір мезгілде шығармашылықпен айналысатын мәдени үлкен шара өткізеді. Оның ерекшелігі әртүрлі аймақтан келген суретшілер өзара тәжірибе алмасып, ашық аспан астында бір кеңістікте жұмыс жүргізу. Қорытынды нәтижеде симпозиум соңында суретшілер салған туындылар көрмеге қойылып, жергілікті жердегі мәдени нысандарға, музейге сыйға тартылады.

Одан басқа симпозиумның тағы бір мақсаты ұжымдық шығармашылық байланысты нығайтып, жас суретшілерге қолдау көрсетіп, шығармашылық жолында бір уақытта демалып, шабыт алу арқылы өнер туындыларын кәсіби түрде салуға мүмкіндік беру.
Жалпақтал топырағында өтіп жатқан бүгінгі симпозиумға Орал қалалық көрме залының меңгерушісі Ахмет Ғиниятов, Қазақстан Республикасы суретшілер Одағының мүшелері Жеңісбек Өтешов, Мэлс Отаров, Бекжан Жұмабаев, Қанат Оразов, Мұхит Құрақ және жалпақталдық ұстаз Талғат Ғизатовтар қатысып, өз туындыларын паш етуде. Симпозиумның ашылу салтанатында сөз алған Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев қатысушы суретшілерге толайым табыс тіледі.

Симпозиум тақырыбына негіз болған Казталов ауданының жеті кереметіне Тереңкөл ауылы маңындағы Ақ шағала аралы, сұлу мүсінді даланың ақ бөкені (киігі), Еділбай соры, Көпес Овчинниковтың үйі, Жалпақтал қалашығы, құс падишасы Аққу және Қайыңды қызғалдағы кіреді. Казталов ауданының жеті кереметі туралы мол мәліметке қанық қылған суретшілер симпозиумына қатысушы қылқалам майталмандары оқушыларға шеберлік сыныбын өткізіп, жалпақталдық ағайындарға екі күн бойына керемет көңіл-күй сыйлады. Сондықтан ауыл тұрғындары атынан барлық суретшілерге алғыс айтып, олардың алдағы шығармашылық еңбектеріне толайым табыс тілейміз.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы