Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылында «Орда» спорт клубы мен «Нарын» ат федерациясының ұйымдастыруымен «Бабалардың ізімен» атты облыстық лига кезеңіне іріктеу жарысы жоғары деңгейде өтті.

Ұлттық дәстүрді жаңғыртуды мақсат еткен бұл сайыста қатысушылар тай жарыс, құнан бәйге, және аударыспақ сынды спорт түрлерінен бақ сынасты. Бұл жарыстар көпшіліктің қызығушылығын тудырып, ауыл тұрғындары мен қонақтар нағыз тартысты бәсекенің куәсі болды.

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген ұйымдастырушылар мен спортшыларға алғысын білдірді.

Жарыс болған жерде жеңімпаздар болатыны белгілі.
Тай жарысы бойынша ұялылық Аманбек Өтешов І орын, мұратсайлық Азат Есекешов пен Аслан Әменовтер ІІ, ІІІ орындарға ие болды.

Құнан бәйгеде сайқындық Жасұлан Хайрушевтың бағы жанып, І орын алды. Бәйгенің бұл түрінде де мұратсайлықтардың аты озып, үздік танылды. Әжен елді мекенінен келген Қуанышбек Дүйсалиев ІІ орын алса, ІІІ орынды тайғаралық Қайрат Елеуов иемденді.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан спортшылар облыстық кезеңге жолдама алды.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы