Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында республикалық «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық кәсіби чемпионатының «WorldSkills Oral – 2025» өңірлік кезеңі өтті.

Бұл байқаудың ашылу салтанаты облыстық теннистік корт ғимаратында өтті. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин және колледждердің директорлары мен студенттер қатысты.
– Мемлекет басшысы осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Қазіргі нарықтың бәсекелестік заманында еңбек адамдарының алар маңызы зор. Әрі жұмысшы мамандықтары саласына сұраныс жылдан-жылға артып келе жатыр. Заман талабына сай жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтар біртіндеп қолданысқа енуде. Кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарының техникасы да жандану үстінде. Осы орайда жаңа жабдықтарды жете меңгерген, білікті жас мамандарды даярлау – біздің басты назарымызда. Студенттердің білімге деген құштарлығын арттыру мақсатында «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық кәсіби шемпионаты республика бойынша оныншы мәрте жалауын желбіретті. Облыстық кезеңде жеңімпаз атанғандар республика көлемінде өтетін бәсекеде бақ сынайды. Өткен жылы өңір намысын қорғаған жас өрен Мақсат Мұхитов «WorldSkills Kazakhstan – 2024» жобасында күміс жүлдеге ие болды. Білімі мол, талабы зор Жайық жастарына сәттілік тілеймін! – деді өңір басшысы.
Былтыр республикалық шемпионаттың күміс жүлдесін қанжылаған Мұхит Серікұлы қазір Орал политехникалық колледжінің төртінші курсында білім алады. Ол бұл байқауда алғаш 2023 жылы бақ сынаған. Бірақ бақ пен бап қатар шабатын білім сынында жолы болмаған. Өзін жан-жақты жетілдірген соң келер жылы қайта қатысуға шешім қабылдайды. Былтыр оның қадамы оңынан болып, жас өреннің жұлдызы жарқырай түседі. Ол «WorldSkills Oral – 2025» сайысының ашылуында өңір әкімі Нариман Төреғалиұлымен бірге «бастау» тетігін түрту рәсімін орындады.
Іс-шара барысында «Talap» коммерциялық емес АҚ WorldSkills қозғалысын дамыту департаментінің бас менеджері Әтіргүл Есдәулетова алғысөз айтты. Сонымен қатар дәстүрлі шемпионат хақында ақпарат беретін бейнеролик көрсетіліп, «Жұмысшы мамандықтары» биі көпшілік назарына ұсынылды.
Өңірге белгілі «Дала арландары» музыкалық тобы «Алаш ұраны» әнін орындады. Облысқа қарасты 30-ға жуық колледж бен 500-ден аса студент 60 түрлі бағыт бойынша бақ сынады. Шемпионаттың әртүрлі деңгейдегі додалары бұған дейін қала және ауылдық колледждердің 14 алаңында өтті. Оған қоса 400-ден аса сарапшы сайыстың басы-қасында болды.
«WorldSkills Oral – 2025» сайысының жабылу салтанаты 26 сәуірде «Атамекен» өнер ордасында жүзеге асты. Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин іс-шара шымылдығын түріп, байқау маңыздылығына тоқталды.
– «WorldSkills Oral – 2025» сайысы сән-салтанаты келіскен орындарда өтті. Бұл қатысушылардың ынтасын одан әрмен шыңдап, аталмыш сайыстың мәртебесін арттырады. Осы орайда білім саласындағы ардагерлерге, әлеуметтік серіктестіктерге алғысымды білдіремін. Жарыс жеңімпаздары күз мезгілінде «WorldSkills Oral – 2025» кәсіби шеберлік шемпионатының республикалық кезеңіне жол тартады. Ақ Жайық жұрты сіздерге сенім артады. Жүлделі оралуға тілектеспін! – деді Елдос Нәбиоллаұлы.
Одан кейін облыстық білім басқармасының басшысы жеңімпаздарды марапаттады. Жалпыкомандалық нәтижеде ІІІ орынды Жоғары инженерлік-технологиялар колледжі иеленсе, ІІ орынға Жоғары аграрлық-техникалық колледжі тұрақтады. Ал Орал ақпараттық технологиялар колледжі «WorldSkills Oral – 2025» сайысының өңірлік кезеңінің жеңімпазы атанды.
«Ақпараттық кабельдік желілер» бағыты бойынша бірінші орынға ие болған Руслан Белихин байқау туралы ой бөлісіп, өз әсерін былайша жеткізді.

– Мен қазір Орал ақпараттық технологиялар колледжінің 3-курсында оқимын.
Сабақ барысында интернет желілерін орнатып, оның жылдамдығын ілгерілетуді үйрендім. Бүгінде қолданыстағы кез келген техникаға интернет жүйесі қондырылған. Байқау алдында кабельді интернеттің құрылымын толық зерттедім. Менің жеңіске жетуіме себеп болған оқытушыларыма алғысым шексіз, – деді ол.
Осылайша екі күнге созылған өңірлік «WorldSkills Oral – 2025» сайысы да өз мәресіне жетті. Бұлбұл Сапарғалиева жетекшілік ететін «Тұмарым» өнер орталығының вокалдық тобы «Егемен Қазақстан» әнімен іс-шараны түйіндеді.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»