Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дарынды оқушыларынан құралған «Ғажайып» би ансамблі шығармашылық концертін ұсынды. Бұл тамаша шара 29 сәуір — Халықаралық би күніне орай «Атамекен» өнер ордасында өтті.

Концерт барысында көрермендер әлем халықтарының ұлттық билерінің керемет орындалуына куә болды. Түрлі халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін айшықтайтын қойылымдар арқылы жас өнерпаздар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әр би өз ерекшелігімен, көркемдігімен және орындаушылық шеберлігімен есте қалды.

Шығармашылық кештің жоғары деңгейде өтуіне ансамбль жетекшісі ҚР «Өнер саласының үздігі», «Мәдениет майталманы» төсбелгілерінің иегері, Бүкіләлемдік CID UNESCO би кеңесінің мүшесі Аслан Сержанұлының еңбегі орасан зор. Ол шәкірттерінің өнерге деген сүйіспеншілігін оятып, олардың кәсіби деңгейде өсуіне ықпал етіп келеді.
Концерт соңында Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Төлепұлы сөз сөйлеп, ансамбль мүшелеріне және жетекшіге шынайы алғысын білдірді. Сонымен қатар, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ алғашқы төрайымы Күләш Нағатайқызы мен Тәрбие жұмысы департаменті директорының орынбасары Аида Төлендіқызы атынан ықылас гүлдері табысталып, шығармашылық ұжымның еңбегі жоғары бағаланды.

«Ғажайып» би ансамблінің есеп беру концерті жас өнерпаздардың үлкен сахнада шеберліктерін шыңдауына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың өнерге деген ынтасын арттырған маңызды шара болды. Осындай тамаша кештер жас ұрпақтың мәдени дамуына жол ашатыны сөзсіз.
Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі