30.04.2025, 11:30
Оқылды: 267

Жайықтың кезекті үш ұпайы

Екінші лига командалары арасындағы ҚР біріншілігінің 4-ші турын оралдық «Жайық» ФК қонақта өткізді.

WhatsApp Image 2025-04-30 at 11.49.45

Жамбыл облысы, Қаратау ауданының «Талас» клубына қарсы матч ойнаған Вячеслав Невольников баптайтын команда үш ұпайға қол жеткізді.
Қаратау қаласының орталық стадионында болған ойын оралдық команда үшін қиынға соқты. Алыс жолдан келген «Жайық» ойыншыларын қыспаққа алған алаң иелері матчты біразға дейін бақылауында ұстады. Тіпті гол соғуға да жақын болды. Ондай сәттерде қақпашы Азат Бақытов тамаша ойнап, қауіптің бетін қайтарып отырды. Сондай-ақ тәжірибелі Бауыржан Омаров та таластық шабуылшылардың дегенін іске асыруға кедергі болып жатты.
Екінші таймда алаңға, Қаратаудың желді ауа-райына да бой үйреткен оралдық жігіттер шабуылға ден қойды. Десе де өз жанкүйері алдында ұтылуды ар санаған «Талас» ойыншылары қателікке бой алдыра қоймады. Ойын аяқталуына 5 минут қалғанда ауттан доп қосуға мүмкіндік алған «Жайық» футболшылары жас ойыншы Саламат Ғайсиевті іске қосты. Аутты бұрыштамадай етіп лақтыратын Саламат «Таластың» айып алаңынан Батыр Мұқашевті тапты. Қолмен қойған пасты басымен қақпаға бағыттаған Мұқашев гол соқты. Одан соң алаң иелері қанша тырысқанымен есепті теңестіре алмады. Қорытынды есеп 0-1 «Жайық» пайдасына. Осылайша 6 ұпай жинаған оралдық команда турнир кестесінің екінші сатысына жайғасты.
Енді Вячеслав Невольников жігіттері келесі матчын мамырдың 6-сы күні өз алаңында «Атырау-М» командасына қарсы өткізеді.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале