2.05.2025, 10:45
Оқылды: 546

Валентина Шарина: «Жеңіл өнеркәсіптің мемлекеттік қолдаусыз түтіні түзу ұшпайды»

Орал  қаласындағы  бұрынғы  Клара  Цеткин  атындағы  фабрика,  кейіннен  «Диана  плюс»  тігін  фабрикасы    кеңес  заманында  Қазақстанның  жеңіл  өнеркәсібі  саласында  маңызды  рөл  атқарған  кәсіпорындардың  бірі  болды.  Өндіріс  орнында  әскери  және  азаматтық  киімдер,  төсек-орын  жабдықтары,    оқушылар  киімдері  және  арнайы  жұмыс  киімдері  тігілді.    Бұл  өндіріс  орны  аймақтың  экономикасының  дамуына    айтарлықтай  үлес  қосты.  Келмеске  кеткен  фабрикада  кезінде  ұзақ  жыл  бойы  Валентина  Шарина  басшылық  қызметте  болды.    Бұл  күндері  84 жастағы,  сөзі  де,  жүрісі  де  ширақ  Валентина Николайқызымен  жеңіл  өнеркәсіп  саласының  өткені мен  бүгінгісі  туралы  әңгімелестік.  Соны  оқырман  назарына  ұсынуды  жөн  көріп  отырмыз.   

WhatsApp Image 2025-05-02 at 11.31.31

– Валентина Николайқызы, алдымен өзіңіздің фабрикаға тігінші болып жұмысқа келгеніңізден бастасақ... Кейін директор болған кезіңізде кәсіпорындақандай өзгертулер жүргіздіңіз? 

– Кеңес  заманында, дәлірек айтсам, 1959 жылы онжылдық мектепті жақсы бітірдім. Сол жылы әкемнің қызмет бабымен Қырғызстаннан Қазақстанға, Орал қаласына көштік. Ол кезде Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасының атағы дүрілдеп тұрды. Осы кәсіпорынға тігінші болып жұмысқа кірдім. Қазіргі А. Островский атындағы орыс драма театрына қарсы бетте жобалау институтының орнында, бір қабатты ескі ғимаратта  70 адам жұмыс істедік. Ер адамның ішкі киімінен бастап жұмысшы киіміне дейін тігуге машықтандым. Іс тіге жүріп, Ресейдің Куйбышев атындағы тігін техникумында, одан кейін Мәскеудегі Бүкілодақтық тоқыма және жеңіл өнеркәсіп сырттай оқу институтында   оқыдым. Сол жылдары қазіргі Абай даңғылының бойынан жаңа фабрика салынды. Саналы ғұмырымды сонда өткіздім, еңбек кітапшамда бір ғана кәсіпорынның атауы жазылған. Басында қарапайым тігінші, орта және жоғары оқу орнын  бітіргеннен кейін  технолог, бас технолог, бас инженер болып, кәсіпорын директорына дейінгі қажырлы да жемісті еңбек мектебі жолынан  өттім.

Тігінші болып жүргенімде ескі тігін жабдықтарымен іс тігетінбіз. Директор болған кезімде алдымен осы тігін машиналарын жаңалауға, техникалық-технологиялық жаңарту жүргізуге ұмтылдым. Жеңіл өнеркәсіп министрлігі арқылы Жапониядан жаңа жабдықтар алуға қол жеткіздім. Мұның бәрі қазір айтуға оңай, бірақ қаншама тер төгіп, жүгіруге тура келді десеңізші. «JUKI» фирмасынан жаңа тігін машиналарын алған кезіміздегі қуанышымызда шек болмады. Әуелі мен Жапонияға іссапармен бардым. Кейін аудармашы Юки сан, инженер Сосаки сан мырзалар жабдықтарды орнатуға Оралға келді. Сыпайы жапондық азаматтармен арадағы сыйластық әлі күнге жалғасуда, телефон арқылы аман-саулық сұрасып тұрамыз. Министрліктің қолдауымен кәсіпорын  техникалық жағынан толықтай жаңартылды. Киім пішу, дайындау және тігін цехтарына жапондық жабдықтар орнатылды. Жаңарған өндіріске мемлекеттік тапсырыстар үсті-үстіне көбейе түсті. Бұл табысымызды арттырды. Қысқы пальтодан басқасының барлығын – ерлердің, әйелдердің сырт киімдерін, шалбар, күрте, күзгі пальто, іш киімдер, оқушылар формасын тігетінбіз. Алайда өмір бір орында тұрмайды, Кеңес одағы ыдырағаннан кейін, көптеген жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары сияқты біздің фабрика да қиындықтарға тап болды.  Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында нарықтық экономикаға көшу кезінде мемлекеттік тапсырыстар тоқтап, шикізат тапшылығы пайда болды. Сондай қиын, өтпелі кезең, өліара шақта тапсырыс іздеп, Ресейдің және еліміздің түкпір-түкпіріне барып, әйтеуір, әупірімдеп тапсырыс тауып  қайтатынбыз.

– Сарапшылардың айтуынша, дамыған елдерде жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға тұрақты назар аударылады екен. Бұл саланың халықты жұмыспен қамтуда, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігін түзеп, әл-ауқатын көтеруде ықпалы зор. Өйткені еңбекке қабілетті азаматтардың, әсіресе әйелдердің (жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істейтіндердің 90%-ы – қыз-келіншектер) көп бөлігін жұмыспен қамтиды. Түптеп келгенде, осы сала қоғамдағы жұмыссыздықты азайтуға және тұрақтылықты қалыптастыруға септеседі. Жергілікті кәсіпорында да мыңдаған қыз-келіншектер  жұмыс  істеді  емес  пе?

– Иә, халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде фабрикалардың үлесі зор екенін баса айтсам, артық болмас. Біздің ұжымда еңбеккерлердің 90%-ы әйел заты еді. Шамамен 1800 қыз-келіншек екі ауысыммен тұрақты жұмыс істеді. Бұл дегеніңіз – әйелдердің еңбек армиясы ғой! Ғимаратымыздың бірінші қабатында дайындау цехы және әкімшілік орналасты. Онда тігінге қажет маталар 20 тонналық контейнерлермен  әкелініп, түсірілетін. Белоруссиядағы, Ресейдегі ең ірі мақта-мата комбинаттармен әріптестік байланыста болдық. Екінші қабаттағы киім пішу цехында маталарды қиюға арналған таспалы 6 машина және заманауи жылжымалы үстелдер тұратын. Ал үшінші, төртінші қабаттардағы тігін цехтарында жұмыс қыз-қыз қайнап жататын. Ұзындау цехта үш қатар бойы тігіншілер отыратын (кейіпкеріміздің  солғындау жанарында от ойнап шыға келді, аутор.) Ол кездері республикалық, бүкілодақтық жәрмеңкелерге барып, әріптестерімізбен келісімшарттар жасалатын. Анау Өзбекстаннан да маталар алатынбыз.

ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында оралдық кәсіпорын жабылмады, біз оны сақтап қалдық. Он жылдың үстінде тынбай еңбек еттік. Кәсіпорында мыңдаған адам жұмыс істеді. Бұрынғы Кеңес одағының түкпір-түкпірінен, тіпті, керек десеңіз, Америка Құрама Штаттарынан тапсырыстар алатынбыз. 1992 жылы бұл мемлекеттік кәсіпорын «Диана-плюс» акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Қызметкерлер акцияларды сатып алып, акционер атанды. Бірақ мемлекеттің қолдауынсыз іс  алға баспады. Тапсырыс аз болды, елде дағдарыс болды. «Диананың» штаты 100 адамға дейін қысқарды. Бірақ біз жұмыс істедік, жұмыс киімін, мектеп формасын, төсек-орын тігумен айналыстық. 1996 жылы 55 жасымда зейнеткерлікке шықтым. 2000 жылдардың басында фабриканы алматылық кәсіпкерлер сатып алды. Фабрика қызметкерлері  оларға өз акцияларын сатты. Алматылық акционерлер 10 жылдай жұмыс істеді. Бірақ мемлекет өндірісті қолдамады. Жеңіл өнеркәсіп мемлекеттің қолдауынсыз өмір сүре алмайды. Аннан алып, мұнда сату, мұннан апарып, анда сату деген сияқты сауда-саттық белең алды. Осылайша кәсіп-орын жабылды. Өйткені өндіріс орнының мемлекетке төлейтін салығы бар, коммуналдық қызметтер ақысы да жоғары болды. Әрине, мұндай жағдайда өндіруші  өнім өндірмесе, барлық шығынды немен жабады? Осылайша кеңестік заманда дүркіреген өндіріс орны келмеске кетті. Өкінішті-ақ... (В. Шарина ойланып, үнсіз қалды).

– Валентина Николайқызы, киім-кешек тұтыну деңгейі бойынша азық-түлік өнімдерінен кейін екінші орында тұратыны белгілі. Ішкі нарықтағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің 80%-ға жуығы сырттан тасымалданады. Басым көпшілігі – Қытайдан, Түркиядан,  қала берді, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден. Отандық шағын кәсіпорындардың өкілдері шетелдік өндіріспен бәсекелесуге қауқарсыз екендерін айтады. Өйткені импорттық өнімдер арзан. Алайда шекара асып келген киім-кешектің сапасы талапқа сай  деу  қиын...

– Кеңес одағы кезінде киім тігілетін материалдар сапасы ерекше бақыланатын. Мемлекеттік стандартқа қоса (ГОСТ), техникалық-технологиялық талаптар, түрлі стандарттар болатын. Қандай киім тігілетін болса да, мата жібінің жіңішке-жуандығына дейін ескерілетін. Жібі жуан материалдардан қысқы шалбар, жібі жіңішке маталардан жазғы көйлек-көншек тігілетін. Осының барлығы тиісті мемлекеттік құрылымдар тарапынан бақыланатын. Қазір киім-кешек тігуге ондай талап мүлдем қойылмайды. Сырттан тасымалданған синтетикалық материалдардан тігілген оқушылардың киімдері үсті-үстіне келуде. Сапасыз маталардан тігілген киімдердің адам ағзасына зиянды екені белгілі. Әлі даму үстіндегі ұлқыздардың ағзасына, денсаулығына әлгіндей мата-материалдардың нұқсан келтіруі әбден кәдік. Мысалға, синтетикалық материалдардан тігілген кейбір киімдердің аллергия немесе басқа да ауру тудыруы  ықтимал. Соңғы кездері  қоғамда киімдерді белгілеу, матасының құрамын көрсету туралы айтыла бастады. Расында, бұл дегеніңіз – мемлекеттің, оның азаматтарының қауіпсіздігіне қатысты стратегиялық мәселе. Қазіргі кезде біздің мемлекетте кім қандай матадан киім тігеді, материалдың сапасы қандай деген сұраққа ешкім басын ауыртпайды. Ешқандай мемлекеттік құрылым шетелден келетін киім сапасын тексермейді. Шетелден әкелінетін мата түрлерінің құрамы адамға қауіпсіз бе, әлде қауіпті ме, ешкім оған жауап бермейді. Мата сапасын тексеретін зертханалар туралы айтпасақ та болады.

–  Классикалық  сұрақ:  жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін не істеу  керек?

– Мұны мемлекет, үкімет басындағылар ойлау керек. Егемендік алғалы 30 жылдың үстіне шықты, әлі жібі түзу бағдарлама, нақты шара қолға алынбады. Неге бұрынғы жеңіл өнеркәсіп ошақтарына қатысты ғимараттардың барлығы дерлік базарға, сауда үйлеріне айналып кетті? Үкімет қайда қарап отыр? Әрине, сауда орындары керек, дегенмен өндірісті дамытуға баса назар аудару шарт. Қазір тіккен киім өтпейді, материалы, фурнитурасы қымбат. Барлығы сырттан келеді.  Елімізде жүнжұрқа, тері-терсек бар болғанымен, кәдеге асырмаймыз. Жеңіл өнеркәсіпке қатысты біздің елдегідей шикізат қоры ересек байлық қой!  Әңгіменің ашығы, сауда орындарымен алысқа бармаймыз. Бұрындары жастар жұмыс істей жүріп, сырттай оқитын. Мен де жылына бір рет барып, емтихан тапсырып тұратынмын. Мемлекет білім аламын дегендерге жағдай жасады. Кадр мәселесі ұдайы назарда болды. Керек десеңіз, фабрикалар демографияға да айтулы үлес қосатын. Біздің фабриканың екі 9 қабатты жатақханасы болғанын білесіздер. Бір жатақхана болатын, екіншісін Сити орталық қасынан салдырдым.

Әрқайсысында 200-дің үстінде орын болды. Ауыл-аудандардан мектеп бітірген қыздар жұмысқа келетін. Оларды сақманға малды ауылдарға жіберетінбіз. Жап-жас тігіншілеріміз ауыл жаққа тұрмысқа шығатын. Кәсіпорын басшылығы жастарға би кештерін ұйымдастыратын. Мекеме-кәсіпорындар жастардың кәсіби тұрғыдан дамуына, уақтылы тұрмыс құруларына жағдай туғызатын. Жеңіл өнеркәсіп саласын жаңаша дамытуға болады емес пе, мемлекеттің өз қолында ғой.

Мен зейнеткерлікке шыққан соң, қол қусырып, үйде отыра алмадым.  «Натальи» деген атаумен ателье аштым.  Ғимаратын жаңадан салдырдым. Шағын цехымда 6 адам киім тігеді. Төртеуі бұрын фабрикада жұмыс істеген.  Алты қызметкер дегеніміз 60 адам емес, сондықтан оларда тапсырыс үнемі  болады. Тағы да тігіншілерді жұмысқа алуыма болар еді, бірақ тұрақты тапсырыс болады деп кім кепілдік береді?!  Осылайша тірлік кешудемін. Фабрика менің өмірім болды десем, асыра  айтқандық  емес...

– Валентина Николайқызы, уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге  рақмет.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале