15.05.2025, 11:30
Оқылды: 283

Репродуктивті денсаулық апталығы

Елімізде республикалық репродуктивті денсаулық апталығы (12-18 мамыр аралығы) өткізіліп жатыр.  Осы  апталық  аясында  өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  облыс  әкімінің  кеңесшісі  Жансұлу  Төремұратованың  қатысуымен  арнайы  брифинг  ұйымдастырылды.  Іс-шарада  аталған  апталықтың  мақсат-міндеті,  жастардың  денсаулығын  сақтау  бағытындағы  шаралар  және  білім  беру  ұйымдарында  жүргізілетін  ақпараттық-түсіндіру  жұмысы  туралы  кеңінен  айтылды.

WhatsApp Image 2025-05-12 at 10.51.58 (1)

Брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Хажарбибі Искандарова сөз алып, репродуктивті денсаулық апталығының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр және ол еліміздің жас ұрпағының денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған. Апталық шеңберінде барлық білім беру ұйымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетіні хабарланды. Бұл жұмыстар танымдық, тәрбиелік сипатта өтіп, оқушылар арасында өмірге оң көзқарас қалыптастыруға, ұлттық мәдениет пен дәстүрді  құрметтеуге  үндейді.

Хажарбибі Искандарова өз баяндамасында жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау – отбасы институтын нығайту мен ұлт саулығының негізі екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстың  маңызын  ерекше  атап  өтті.

Брифинг барысында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Жұлдыз Кәрімова да сөз алып, өңір тұрғындарын республикалық репродуктивті денсаулық апталығы аясында ұйымдастырылып жатқан шараларға белсенді қатысуға шақырды.

– Репродуктивті денсаулық – бұл өмірдің кез келген кезеңіндегі өсімпаздық жүйенің толық физикалық, ақыл-ой және әлеуметтік саулығы. Бұл – әр адамның, әр отбасының, әсіресе жастардың болашағына тікелей әсер ететін маңызды тақырып, – деп атап өтті Жұлдыз Кәрімова.

Ол репродуктивті денсаулықты сақтау ережелеріне де тоқталып өтті. Атап айтқанда, салауатты өмір салтын ұстану, отбасын жоспарлау, қаламаған жүктіліктің алдын алу, тиімді контрацепция құралдарын пайдалану – маңызды профилактикалық шаралар  қатарында.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында халық саны 693 мыңнан асса, соның ішінде 356 376 әйел, 155 065 фертильдік жастағы әйелдер. Облыста жалпы 42 016 жасөспірім болса, соның 15 150-і - жасөспірім қыздар. Осы топтар үшін репродуктивті көмек қолжетімді болуы аса маңызды. Аймақта жүкті әйелдерге, жасөспірімдер мен ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерге амбулаторлық көмек 6 қалалық және 15 аудандық медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында, сондай-ақ 66 дәрігерлік амбулаторияда, 62 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 200 медициналық  пунктте  көрсетіледі.

– Жастардың денсаулығын сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта облыс бойынша жастарға арналған төрт денсаулық орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда 10 жастан 29 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастарға репродуктивті және психикалық денсаулық, жұқпалы аурулардың алдын алу, психоәлеуметтік және құқықтық қолдау көрсету бағытында кешенді қызмет ұсынылады, – деді  баяндамашы.

Сондай-ақ ол 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 және 12-13 жастағы қыз балаларға адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцина егу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Бұл шара жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған. Себебі елімізде бұл қатерлі ісік түрі әйелдер арасында екінші орында тұр. Скринингтік зерттеулер мен вакцинация – аурудың алдын алудағы ең тиімді тәсілдердің  бірі.

Апталық аясында өңірдің барлық медициналық ұйымдарында ашық есік күндері, семинарлар, ақпараттық акциялар, дәрігерлік кеңес беру және тексерулер ұйымдастырылады. Сонымен қоса брифинг барысында №1 қалалық емхананың акушер-гинекологі Әйгерім Сәкенова жүктілікке дейінгі дайындық – предгравидарлық кезеңнің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – болашақ ананың ғана емес, әкенің де жауапкершілікті  сезінетін  уақыты.

– Дені сау баланың дүниеге келуі әйел мен ер адамның өмір салтына, дұрыс тамақтануына, созылмалы ауруларын емдеуіне тікелей байланысты. Сондықтан бұл кезеңде толық тексеруден өтіп, қажет болса, алдын алу шараларын қабылдау – міндет, – деді маман.

Әйгерім Сәкенова ер адамдардың бедеулік мәселесіне де назар аударды. Артық салмақ, күйзеліс, дұрыс емес тамақтану мен зиянды әдеттер – барлығы да репродуктивті қабілетке кері әсер етеді. Сол себепті ер адамдар да кеңес алу мен емделуден  шет  қалмауы  тиіс.

Сарапшылардың айтуынша, фолий қышқылы мен басқа да маңызды дәрумендер мен микроэлементтерді жүктілікке дейін 2-3 ай бұрын қабылдай бастаған дұрыс. Бұл түрлі туа біткен ақаулардың алдын алуға көмектеседі.

Брифинг соңында мамандар барлық тұрғынды осы апта аясында ұйымдастырылатын шараларға белсенді қатысуға, репродуктивті денсаулықты сақтау – жеке жауапкершілік екенін ұмытпауға шақырды.

Жанерке Ғинаят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале