15.05.2025, 17:15
Оқылды: 236

Ұлт тәрбиесіне ұлықтаған аналар форумы

Халқымыз «Ұл бала  - елдің ертеңі, қыз бала -  ұлттың ертеңі»деп, бекерге айтпаған. Елінің ертеңін ойлар ұлды да, ұлтының намысын ойлар қызды да дүниеге әкелетін, тәлімімен тербететін құдіретті күш – аналардың қолында. Әкенің темірдей тәртібін бала бойына тәлім бесігінде тербете отырып сіңірер аналардың асыл қызметін ұлықтаған аудандық аналар форумы өтті.
image-15-05-25-04-05 (1)
Кеңес Одағының Батыры Есен Шегірейұлы Орақбаев атындағы мектепте 15 мамыр – Халықаралық Отбасылар күнімен орайластырылған  «Ана. Отбасы. Болашақ» тақырыбындағы аудандық аналар форумы өтті. Форумға ақ жаулықты ардагер  аналар, аудан бойынша жалпы орта білім беретін мектептердің ата – аналар комитеттерінің төрайымдары мен қамқоршылық кеңес төрайымдары және тәрбие саласында қызмет жасап отырған  ұстаздар  қатысты. Ұрпақ тәрбиесіндегі келелі мәселерді қозғаған форум жұмысын Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің басшысы Д.Ж.Танзенов пен Қызылоба ауылдық округінің әкімі Т.С.Сериков құттықтау сөздерімен ашты. Форум қатысушылары география пәнінің мұғалімі  Назгүл Екпінқызы Қуанғалиеваның ұйымдастыруымен жүргізіліп отырған жылыжай жұмысымен танысып, ұстаздардың қолынан шыққан қолөнер көрмесін тамашалады.
Форумның бірінші бөлімінде «Бақытты ана болудың құпиялары» тақырыбындағы секциялық талқылау жұмыстары жүргізіліп, ұрпақ тәрбиесіндегі ананың орны мен қызметі , қоғам дамуындағы ұлттық құндылықтардың маңызы хақында келелі әңгімелер мен пікірталастар өрбісе , екінші бөлімі «Ана – өмірдің шуағы» тақырыбындағы әдеби – әуенді шараға арналды. «Сымбат» би ансамблінің биі ұсынылып, ұстаздар мен оқушылардың орындауында анаға арналған әдемі әндер шырқалды.
Бала тәрбиесі – ұлттық болмысымыздың бастауы. Ұлт тәрбиесіне алаңдаған аналарымыздың арналы ойлары тоғысқан аналар форумы көптің ойына орамды ой қосқан маңызы зор шара болды.
Рая Жұмағалиева,
Жаңақала ауданы 
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале