Жұмысшы мамандықтар жылына орай Бәйтерек ауданында жастарды қолдауға бағытталған «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» жоғары деңгейде өтті.

Іс-шараны аудандық жастар ресурстық орталығы мен мансап орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – аудан жастарына жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру. Бұл жолғы жәрмеңкеге 15 мекеме қатысып, барлығы 79 бос жұмыс орны ұсынылды. Ауданның бітіруші түлектері мен жас мамандары түрлі сала өкілдерімен тікелей тілдесіп, өздеріне қажетті ақпараттарды алды.
Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында ашық пікір алмасу орын алды. Сонымен қатар түлектерге мамандық таңдау, түйіндеме дайындау және сұхбаттасуға дайындық бойынша кәсіби кеңестер берілді.
– Биыл осындай жәрмеңкені бесінші рет ұйымдастырып отырмыз. Аудан бойынша "Жастар практикасына" 160 орын ұсынылса, қазіргі таңда 18-і жұмысқа жолданды. "Алғашқы жұмыс орны" жобасы аясында қарастырылған 21 жұмыс орынының ішінен 4-і қызметке орналасты. Сонымен қатар "Ұрпақтар келісім шарты" жобасы да нәтижелі жүзеге асырылуда, – дейді аудандық мансап орталығының директоры Нұрсәуле Есенғалиева.

Аудан бойынша кадр тапшылығы білім беру саласында да орын алып отыр. Атап айтқанда, мектептерде математика, АӘД, орыс тілі пәні мұғалімдері, психолог, әлеуметтік педагог және тәрбиеші мамандықтары тапшы.
– Бүгінгі жәрмеңкеде болашақ бастауыш сынып және ағылшын тілі мұғалімдерімен таныстық. Қазіргі таңда бұл пәндер бойынша бос орындар шектеулі болғанымен, келер оқу жылында қажеттілік туындайды. Жас мамандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бағыт-бағдар беруге тырыстық, – дейді аудандық білім беру бөлімінің кадр жөніндегі әдіскері Аружан Үмбетова.
Жәрмеңке түлектер үшін нақты мүмкіндік алаңына айналды. Солардың бірі – Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж түлегі Жарқынай Баяшева:

– Мектепке дейінгі тәрбиеші мамандығы бойынша бірнеше балабақшамен сөйлестім. Атап айтқанда, Достық пен Байқоныс ауылдық округтеріндегі жекеменшік балабақшалар "Жастар практикасы" арқылы жұмыс істеуге болатынын айтты. Сонымен қатар ауылға барған жастарға «Дипломмен ауылға» бағдарлама аясында үй мен қосымша төлем қарастырылатынын біліп, үлкен серпін алдым, – дейді жас маман.
Мұндай жәрмеңкелер – жас мамандардың өз орнын табуына, еңбек жолын сенімді бастауына берік көпір болары сөзсіз.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы