16.05.2025, 23:55
Оқылды: 188

«Ауылға бет бұр, арманға жол аш!»

Орал қаласындағы Достық үйінде жұмысшы мамандықтар жылына орай Бәйтерек аудандық жастар ресурстық орталығы мен мансап орталығының ұйымдастыруымен «Ауылға бет бұр, арманға жол аш!» атты жастар кездесуі өтті.

IMG_20250516_185433_825

Жиынға Бәйтерек ауданының студент жастары қатысты. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды әрі пайдалы ақпараттармен өрбіді.
Кездесудің басты мақсаты – туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, жастарды елге қызмет етуге үндеу, сондай-ақ болашақ жас мамандарды ауданға жұмысқа тарту мүмкіндіктерімен таныстыру болды. Сонымен қатар студенттерге еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы мағлұмат беріліп, құқықтық сауаттылықты арттыру мен мансаптық бағдар беру мәселелері де назардан тыс қалмады.

IMG_20250516_185438_712
Кездесуге сала мамандары ретінде Бәйтерек аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Азамат Жұмағұлов, кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі Серік Дәуітов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің "Ақжайық" шекара бөлімі бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары майор Руслан Тоймаханбет және аудандық мансап орталығының директоры Нұрсәуле Есенғалиева қатысып, студент жастарды жұмысқа шақырып, құнды ақпараттар ұсынды.
Кездесу барысында студенттерге ҚР заңнамасындағы маңызды ережелер түсіндіріліп, құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстық жауапкершілік және шекара қызметінің құрылымы мен міндеттері жайлы кең мағлұмат берілді. Әскери қызметтің маңыздылығы айтылып, отанды қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екені атап өтілді. Сонымен қатар жастарға арналған жұмыспен қамту бағдарламалары, қысқа мерзімді курстар, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік беретін жобалар таныстырылды. "Жастар тәжірибесі", "Алғашқы жұмыс орны" секілді мемлекеттік қолдау тетіктері де кеңінен талқыланды.

IMG_20250516_185630_115
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер көкейіндегі сұрақтарға жауап алды.
– Бүгінгі іс-шара жастар үшін өте маңызды. Өзіміздің туған өлкемізге қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Осындай кездесулер бізге бағыт-бағдар беріп, болашақ мамандығымызды дұрыс таңдауға көмектеседі. Мемлекеттік бағдарламалар туралы тың мәліметтер алдық. Алдағы уақытта да осындай пайдалы кездесулер жалғасады деген сенімдемін, – дейді Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің биылғы түлегі переметныйлық Назерке Александрова.

Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале