«Хан ордасында «Бөкей ордасы білім саласы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен, аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық семинар өтті. Педагогика саласының ардагерлерінің басын қосқан алқалы жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафиуллин, облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиевалар қатысты.

Облыс аудандарынан келген ардагеріміз Жәңгір мектебінде боп, білім ұясының бүгінгі тынысымен танысты.
Аудан қонақтары Ұлы Отан соғысы құрбандарының мемориалдық кешеніне, Мәншүк ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Кейін шарамыз ауылдық мәдениет үйінде семинармен жалғасты.
Шара шымылдығы аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың сөзімен ашылды.

- Бүгінгі облыстық семинардың қазақ даласындағы алғашқы білім ордасы саналатын Жәңгір хан атындағы орта мектептен бастау алуы үлкен маңызы ие деп есептеймін. Келер жылы 185 жылдық мерейтойын атап өтетін тарихы терең, іргелі білім ұясынан шоқтығы биік тұлғалар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, батырлар мен ақындар, білім беру саласының үздіктері түлеп ұшты. Тұғыры биік, мәртебесі асқақ Жәңгір мектебінен әлі де дүйім ел мен аймақтың тасын өрге домалатар талантты шәкірттердің шығарына бек сенімдімін. Мектептің мерейін тасытатын шәкірт болса, сол шәкіртке білім беретін, әрине, ол - ұстаз.

Тәуелсіз еліміздің болашағы – өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде мұғалімнің орны ерекше.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Астанада өткен республикалық педагогтер съезінде сөйлеген сөзінде: - Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар. Балаларымыздың бойына қазақтың салт-дәстүрі мен құндылықтарын сіңіру аса маңызды. Халқымыз қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек. Жас ұрпақ әділ, адал, үнемшіл, еңбекқор, білімпаз, отаншыл әрі жанашыр болуға ұмтылуы керек. Ұлттың жаңа сапасы дегеніміз – осы, - деген болатын. Бұл сөздердің артында үлкен ой, терең мағына жатыр. Осы орайда ардагерлеріміздің өмір жолы, тәжірибесі керек-ақ.
Кавказ халқында «Тауға жақындаған сайын оның биіктігін түсінесің»-деген мәтел бар. Осы керемет сөз біздің ардагер ұстаздарымызға қатысты айтылғандай.

Талғаусыз еңбектің жемісі ретіндегі зейнет демалысындағы ғұмырларыңыз ұзағынан, көрер қуаныштарыңыз молынан болып, ақ жаулықты ана, ақсақалды ата болуыңызды тілеймін! - деп семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Тек сәттілік тілеп қана қоймай, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған аға буын өкілдеріне алғысхат табыстады.
Өз кезегінде сөз алған облыстың бас ұстазы Елдос Сафуллин білім саласындағы жетістіктерімізді тілге тиек етті.
- Біз үшін Бөкей ордасының орны ерек, маңызы бөлек. Бүгінгідей маңызды шараның тұңғыштар мекенінде өтуінің өзі заңдылық іспеттес, - деп арғы- бергі тарихты қозғап, шара мәнін айшықтай түсті. Нәбиоллаұлы да, одан кейін сөз алған облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев та еселі еңбегімен көзге түскен ұстаздарымызды марапаттады.
Салтанатты шарадан соң баяндамалар тыңдалды, атқарылған істер бойынша есеп берілді.
Шара соңы мектеп оқушылары мен ауыл өнерпаздарының концертімен жалғасты.
Ұлпан Әнуарқызы
Суретке түсірген Жарқынай Салимова,
Әділет Абдиров