19.05.2025, 11:15
Оқылды: 263

Жаттығу – маңызды шара

Мамырдың 17-сі күні ел жастарын біріктіруді мақсат еткен жаттығу әлеуметтік жобасы қайта іске қосылды. Бұл жоба ауладағы спорт алаңдарын қалпына келтіру арқылы жастардың жауапкершілік, еңбекқорлық және салауатты өмір салтына деген оң көзқарасын қалыптастыруды көздейді.

WhatsApp Image 2025-05-19 at 11.25.11

Осыдан үш жыл бұрын «Дала Қырандары» жастар бірлестігі іске қосқан авторлық жоба үй аулаларындағы спорт алаңдарының жағдайын түзеп, жастарды қарапайым, бірақ маңызды істерге жұмылдыруды мақсат етеді. Сондай-ақ аула тазалау, спорт алаңдарын жөндеу, спортшылардың қатысуымен ашық жаттығу өткізу арқылы көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

WhatsApp Image 2025-05-19 at 11.25.11 (1)

Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрлігінің қолдауымен еліміздің барлық аумағында бір мезетте ұйымдастырылған жаттығу шарасына өңір жастары, «Дала Қырандары» жастар бірлестігінің мүшелері, қала тұрғындары мен спортшылар қатысты. Ел жастарын бірлікке шақыратын бірлестіктің облысымыздағы үйлестірушісі Әсет Сұлтанұлының айтуынша, «Жаттығу» шарасы былтыр сәуір айында ҚР туризм және спорт министрлігі мен «Дала Қырандары» жастар бірлестігі арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асырылуда. Оның барысында ауладағы спорт алаңы абаттандырылып, кәсіби спортшылардың қатысуымен ашық жаттығу өтті. Бірлікті ту еткен, тазалыққа шақырған және спортты насихаттаған елішілік шара Орал қаласының Қонаев мөлтек ауданындағы №9 үй ауласында ұйымдастырылды.

WhatsApp Image 2025-05-19 at 11.25.11 (2)

- «Дала Қырандары» жастар бірлестігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясы бастамасын қолдай отырып, оны еліміздің экологиялық және әлеуметтік ортасын жақсарту жолындағы маңызды бағыт деп есептейді. Ал жаттығу жобасы — бұл жастардың осы бастамаға қосқан нақты үлесі. Осылайша біз жаңа буынның күш-қуаты мен идеяларын қоғамды көркейтуге, спорт инфрақұрылымын жақсартуға және қоғамдық құндылықтарды нығайтуға бағыттаудың жарқын үлгісін көрсеткіміз келеді. Себебі жаттығу — бұл жеке бастама мәдениетін дамытатын, еңбекке баулитын, патриотизмді күшейтетін және нақты өзгерістер өз аулаңдағы қарапайым істерден басталатынын дәлелдейді, – деді Әсет Сұлтанұлы.

WhatsApp Image 2025-05-19 at 11.25.10 (1)

Елмен бірген жаттығу жасап, ауланы абаттандыруға Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова мен грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев және әйелдер күресінен Азия біріншілігінің қола жүлдегері Анастасия Панасович өз үлесін қосты.

- Біздің артымыздан ерген жас көп. Ел алдында жүрген соң сені үлгі тұтатын жастар болған кезде оларға үлгі бола білген жөн. Мұндай шараға тек мемлекет басшысының үндеуін қолдау үшін ғана емес, өзімнің азаматтық ұстанымымды, еліме, қаламызға деген жанашырлығымды көрсетуге келдім. Мұндай ел үшін, жастар үшін ұйымдастырылатын бастамаларды әр азамат қолдайды деген сенімдемін, – дейді Артур Үмбетқалиев.

WhatsApp Image 2025-05-19 at 11.25.10

Жаттығудан соң жастар үй ауласындағы орындықтар мен спорт снарядтарын бояп, сынғандарын қалпына келтірді. Айналада шашылған қоқыстарды жиыстырды. Бүгінде бұл бастамаға жауапты 70 жас бар. Алдағы күндері олардың саны артады. «Дала Қырандары» жастар бірлестігінің өңіріміздегі үйлестірушісі Әсет Сұлтанұлы аулаларды абаттандыру шарасы қаланың өзге аудандарында да өтетінін айтты.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Фото: Информбиржа

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале