22.05.2025, 16:45
Оқылды: 409

«Өнеге. Аманат» оқырманға жол тартты

Жұбан  Молдағалиев  атындағы  облыстық  орталық  әмбебап-ғылыми  кітапханада  «Зерде  –  Память»  қоғамдық  қорының  төрағасы,  қоғам  қайраткері  Қуанышбай  Төлебаевтың  «Өнеге.  Аманат»  атты  кітабының  тұсаукесер  рәсімі  өтті.  Іс-шараны  облыстық  мәдениет,  тілдерді  дамыту  және  архив  ісі  басқармасы  басшысының  орынбасары  Медхат  Қамбетов  жүргізді. 

c691cae1-b1fc-4f55-92f0-e8b390c4d7de

–  Қуанышбай Төлебайұлы 1945 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысының Қазалы ауданы Өркендеу ауылында дүниеге келген. Жылдар бойы Ақ Жайық өңірінде жемісті еңбек етіп, біраз жауапты қызметтер атқарды, – деген Медхат Мұсаұлы сөз кезегін филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабырға ұсынды. Мұрат Бөкенбайұлы Қуанышбай Төлебаевтың тұлғалық болмысына тоқталды. Өз кезегінде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, сондай-ақ 2011-2017 және 2023-2024 жылдар аралығында облыстық дін істері басқармасын басқарған Талғат Нығметов ауторды жаңа кітабымен құттықтады.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің проректоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденов ауторға М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің басқарма төрағасы, ректор Нұрлан Серғалиевтің Құрмет грамотасын табыс етті. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Абат Қыдыршаев және Орал қаласы білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Құралай Темірбаева «Өнеге. Аманат» кітабы туралы ой-пікірлерін ортаға салып, Қуанышбай Төлебайұлына амандық-саулық тіледі.

Іс-шара соңында Қуанышбай Төлебаев ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, өмір жолынан естеліктер айтты. Қатысушылар «Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір» көрмесіндегі материалдармен танысты. Айта кетейін, «Өнеге. Аманат» кітабы тағылымды естеліктерді жаңғырту, белгілі тұлғалардың өнегелі өмір жолын дәріптеу мақсатында Орал қаласындағы «Полиграфсервис» баспасынан  жарыққа  шыққан.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале