27.05.2025, 15:45
Оқылды: 470

Еңбек нарығындағы елеулі білім ордасы

Оралдағы Батыс Қазақстан индустриалды колледжі – техникалық және кәсіптік бағытта білім беретін өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі. Аталмыш колледждің директоры Серік Мұхамбетәлиев келер оқу жылы 200-ге жуық білім гранты бар екенін айтып, биылғы мектеп түлектерін БҚИК-тің студенті болуға шақырады.

DSC02321Қазіргі таңда БҚИК-те штаттық кестеге сәйкес 94 оқытушы бар. Оның 43-і – ұстаздық жолда шыңдалған, бірінші санаттағы білікті өндірістік оқыту шебері (мастер). Осы жылы 500-ге тарта студент оқу ордасында білім алса, олардың 176-сы маман иесі атанып, үлкен өмірге қадам басады. Колледж негізінен дәнекерлеу ісі, металл жонушы (токарь), электрик, байланысшы (связист), фрезеровщик, электромонтаждаушы деген секілді ел арасында, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлайды. Сондай-ақ келер қыркүйекте аутоэлектрик мамандығына оқытуды жоспарлап отыр.

ЖП колледж Мәди Салық

–  Биылғы жаңа оқу жылынан қалмай аутоэлектрик даярлауды бастағымыз келеді. Қазір көлік жөндеу орындарында осы саланы жете меңгерген азаматтар бар. Олардың дені бұл мамандықтың қыр-сырын Ресейдегі оқу орындарынан үйренсе, кейбірі өз қабілетімен білімін жетілдірген. Қоғам аталмыш мамандық иелерінің көмегін қажет етеді. Өңірде аутоэлектрик мамандығы бойынша білім беріп, өз ісін тиянақты атқаратын жұмысшыларды еңбек нарығына жолдасақ, олардың табысы да толымды болмақ. Ол үшін ең әуелі маман әзірлеуге лицензия алуымыз қажет. Бүгінде оқу бағдарламасы жасақталып, қажет құжаттар реттелді. Оқытушыларымыздың білім деңгейін арттыру, тағылымдамадан өткізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Негізгі мақсатымыз – материалдық-техникалық әлеуетті жабдықтау, оқу әдебиеттерін жинақтау. Бұл бағытта облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім дайындалуда. Егер осы ой-пікірімізді білім басқармасы құптап, қолдау білдірсе, аутоэлектрик мамандарды дайындауға білек түре кіріспекпіз, – деді колледж директоры.

ЖП колледж Мәди Салық

Колледж өңірдегі «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Агрореммаш» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС, «Зенит» зауыты және «Жайық жылу қуат» АҚ секілді мекеме-кәсіпорындармен тығыз байланыста. Аталған мекеме кәсіпорындардағы мамандармен тәжірибе алмасып, студенттерге сапалы білім ұсынуда. Әлеуметтік серіктестіктермен жасалған өзара келісімшарттың оң нәтижесінде студенттер зауыт қабырғасында әртүрлі бұйымдар жасап, ол үшін қосымша ақы алады. Қазіргі таңда дуальды оқыту негізінде колледждің 110 студенті білім алуда. Бұл оқыту жүйесі көбіне бітіруші түлек топтарында жүзеге асады. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС тәжірибеден өткен студенттерге 70-80 мың теңге көлемінде еңбекақы төлейді. Сондай-ақ бір мезгіл тегін ыстық тамақпен және арнайы қызметтік киіммен қамтамасыз етуде. Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жас өрендерді оқу бітіргенде қызметке шақырады. Бүгінде түлектердің 70 пайыздан астамы тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – студенттердің білімге деген ынтасын ашқан оқытушылардың мол тәжірибесінің жемісі. Әрі жұмыс беруші мен болашақ жас маманды байланыстырған дуальды оқыту жүйесінің де ықпалы бар.

ЖП колледж Мәди Салық

Аталмыш колледж осы жаз мезгілінде ағымдағы жөндеуден өтпекші. Тарқата айтсақ, білім ордасының мәжіліс залы, спортзалы, ғимараттың есік-терезелері жаңарып, аулаға жаңа өрнектас төселеді. Соңғы төрт жыл ішінде колледжге дәл мұндай ауқымды жаңғырту жұмысы жүргізілмеген. Оның өзіндік себебі бар...

ЖП колледж Мәди Салық

– Мен 2022 жылы Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің директоры болып тағайындалдым. Ол уақытта колледж алматылық компанияның сенімгерлігінде болды. Сенімгерлік құжаттағы келісім-шартқа сәйкес басқарушы компания білім ордасына жылына 15 миллион теңге қаражат бөліп, қажетті жағдай жасауы тиіс. Бізге көлеңке көрсетпеген бұл компания колледжге қарасты ғимарат бөліктерін жалға беріп қойған. Бұл мәселені шешу үшін оларды арнайы шақырып, кездесу ұйымдастырдым. Жүздесу барысында қойған бірнеше сауалымызға нақты жауап ала алмадық. Жалға беру туралы келісім облыстық білім басқармасымен бекітілмеген, әрі қызметтік шот та ашылмаған. Сенімгерлік басқарудан «сенім» кеткесін, әріптестерімізбен бұл жүйені тоқтату жөнінде тоқтамға келдік. Кейін келісімшартта баян етілген, бірақ орындалмаған міндеттері мен заңға қайшы әрекеттерін баса назарға алып, сотқа жүгіндік. Бірінші сот процесінің шешімімен жүйелі жұмыс жүргізу үшін аталмыш компанияға бір жыл мерзім берілді. Бір жыл өте шықты. Бірақ компания тарапынан ешқандай әрекет, колледжде ешбір өзгеріс болған жоқ. Біз сотқа қайта жүгінуге мәжбүр болдық. Арнайы комиссия толық тексеріс жұмысын жүргізіп, соңында соттың оң шешімін алдық. Сөйтіп 2024 жылдың қазан айында колледжді сенімгерлік басқарудан шығардық. 2021 жылы «Жас маман» жобасы жүзеге асырылды. Облыс бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие он колледж таңдап алынатын болды. Жоба аясында оқу ғимаратын жаңартып, колледждің мартериалдық-техникалық әлеуетін жақсартып, білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесі енгізіледі. Өкінішке қарай, колледж ол жылдары сенімгерлік жүйеде болған соң, бұл мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық. Бірақ келер оқу жылында жаңа аутоэлектрик мамандығы бойынша білім беруге ниеттіміз. Сондай-ақ колледж ағымдағы жөндеуден өтіп, студенттердің білім алып, тәжірибе жинақтауы үшін жасалатын барлық жоба межесіне жетеді, – деді Серік Хайырұлы.

Колледж директорының айтуынша, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Агрореммаш» АҚ секілді өңірдегі іргелі зауыттардың басшылары металл жонушы мамандығын тәмамдағалы отырған түлектерді әріптес болуға шақырып, дәл осы сала бойынша жұмысшы тапшы екенін мәлімдеген. Аталмыш зауыттарда зейнет жасына таяған қызметкерлер бар. Олардың орнын басатын білікті жастар қажет. Жас түлектер жұмысқа орналасқаннан кейін, кейбірі көп ұзамай өз еркімен қызметтен кететін көрінеді. Бұған бастапқы жалақының аздығы негізгі себептердің бірі болып отыр. Оқудан соң әскер қатарына алынып, борышын өтеп келгендердің мамандығына көңілі қайтпайтын да жағдайлар кездеседі. Осы орайда Серік Хайырұлы мынадай ұсынысын ортаға салды: «Өңірдегі тапшы мамандық иелерін арнайы құжат арқылы әскерден алып қалу керек. Оларға жақсы жалақы төлеп, жеке бас мәселесі жөнінде  ашық әңгіме жүргізген жөн. Жұмыс беруші қолдаукөмегін аямаса, жас қызметкерлер де тұрақтап қалушы еді» дейді.

Колледждің материалдық-техникалық әлеуетінде заманауи құралжабдықтар бар. Интерактивті-мультимедиялық құралдармен жабдықталған 2 оқу зертханасы,  4 оқу кабинеті, ғаламтор желісіне қосылған 2 компьютерлік кабинет, сондай-ақ «Өндірістегі электрмеханикалық жабдықтар», «Токарлық іс және металл өңдеу» мамандықтары бойынша TKR интерактивті модульді тәжірибе сыныптары бар. Соңғы үлгідегі құралдармен қамтамасыз етілген токарлық өңдеу, электргазымен дәнекерлеу, аргонмен дәнекерлеу, слесарлық өңдеу шеберханалары жастарға сапалы білім беру барысында тиімді пайданылады. Машық кезінде білім алушыға арнаулы жұмыс киімі беріліп, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Қазіргі таңда студенттерге бір мезгіл ыстық тамақ беріледі. Ол үшін оқу ғимаратында 150 орындық асхана бар. Ас мәзірін колледж басшылығы бекітіп, бақылауда ұстап отыр.  Колледж 50-ге жуық студентті жатақханамен қамтамасыз етеді. Қысқы және жазғы демалыс уақытында өзге өңірде тұратын студенттерге 2 АЕК көлемінде жолақы төленеді. Колледж студенттері берілген сапалы білімді іс жүзінде көрсетіп, машық даярлығында жинақтаған тәжірибесін дәлелдеп келеді.

ЖП колледж Мәди Салық

– Өңірімізде өткен «WorldSkills Oral – 2025» шемпионатына БҚИК студенттері он құзіреттілік бойынша қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Оның ішінде «СББ станоктарында токарлық жұмыстар» құзіреттілігі бойынша А. Алабасов – 3-орын, А. Болат – 2-орын, Д. Самеров 1-орынды иеленді. «Дәнекерлеу технологиясы» құзіреттілігінен Б. Андрющенко 2-орынға тұрақтаса, «Өндірістік аутоматика» құзіреттілігінен Е. Нариман 3-орынды місе тұтты. Бұл – біздің бір ғана байқаудан алған жүлделеріміз. Жетістігімізді жіпке тізсек, өте көп. Алдағы 2025-2026 оқу жылына мектептердің 9-11-сынып бітірген түлектерін дәнекерлеуші, металл жонушы (токарь), байланыс монтері, электрмонтаждаушы жұмысшы мамандықтары бойынша тегін білім алып, білікті маман атануға шақырамыз, – деді БҚИК директоры Серік Мұхамбетәлиев.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале