Орал қаласындағы Отбасын қолдау орталығында «Ашық есік» күні өтті. Іс-шара Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылып, «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында өткізілді. Бұл – қоғамдағы ең басты құндылықтың бірі саналатын отбасы институтын нығайтуға бағытталған қадамдардың бірі.

«Ашық есік» күнінің басты мақсаты – халыққа орталықтың қызметі жайлы кеңінен ақпарат беру, қиын жағдайға тап болған жандарға көрсетілетін көмек түрлерімен таныстыру. Келушілер орталық ұсынатын әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдаудың мән-маңызын түсініп, мамандардан тікелей кеңес алды.
Орталық төрт негізгі бағытта жұмыс істейді: психологиялық көмек, әлеуметтік қолдау, заңгерлік кеңес, уақытша баспана ұсыну. Аталған орталық, әсіресе, отбасылық жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ажырасу, алимент өндіру, балаға қамқоршылық және басқа да күрделі мәселелер бойынша көмекке мұқтаж азаматтар үшін үлкен қолдау алаңы. Мұндағы мамандар тек мәселенің шешімімен шектелмей, отбасылық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға, ата-аналарға бағыт-бағдар беруге де күш салады.
Шара барысында облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері жастармен кездесіп, әке мен ананың отбасындағы рөлі туралы тәрбиелік бағыттағы ашық сұхбат жүргізіп, орталықты барлық жағынан қолдауға дайын екендерін жеткізді. Бұл ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін мазмұнды кездесу болды.
Отбасыны қолдау орталығы әдіснама және ақпараттық-ағарту құрылымының бөлім басшысы Әмина Батырова орталықтың күнделікті жұмысы мен жетістіктері туралы айтып берді. Оның айтуынша, орталық кеңес берумен шектелмей, тренингтер, ата-аналар клубтары, отбасылық мерекелер мен байқаулар ұйымдастырады.
Мұның барлығы – отбасы мәдениетін дамытуға бағытталған жұмыстар.
– Мақсатымыз – бірреттік көмек көрсету емес, отбасының ішкі байланысын нығайтып, өзара сенім мен қолдауды күшейту. Адамдар бізге мәселе туындағанда ғана емес, оның алдын алу үшін де келе бастады. Бұл – қоғамның саналы түрде өзгеріп келе жатқанының белгісі. Отбасын сақтау – күнделікті еңбек. Оның негізінде – махаббат, шыдамдылық және түсіністік жатыр. Біз қиындыққа тап болған әр азаматқа жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Ең бастысы – көмек сұраудан қорықпаңыздар, – дейді ол.
«Ашық есік» күніне келген тұрғындардың бірі, көпбалалы ана Айнагүл Байтақова өзекті мәселелерін жеткізді:
– Бұл орталық туралы алғаш мектептегі ұстаздардан естіп-білдік. Бүгін екі мәселе бойынша келіп тұрмын. Біріншіден, екі мүгедек балам бар, екеуі де есепте тұр. Соларға жыл сайын тұрақты түрде қандай да бір көмек көрсетілсе деймін. Мысалы, бассейн, массаж сияқты емдом қажет. Екіншіден, Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қатысты бір өтініш бар. Жер үйде тұрамыз. Үйіміздің дәл жанында электр трансформаторы мен қоқыс жәшіктері орналасқан. Бұл –
өте қауіпті. Ток соғуы немесе өрт шығу қаупі жоғары. Қоқыс жәшіктерін басқа қауіпсіз жерге көшірсе екен дейміз, – дейді Айнагүл ханым.
Орталық мамандары азаматтардың өтініштерін назарға алып, тиісті органдарға жолдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, орталықта балаларға арналған ойын бөлмесі, шеберлік сабақтарына арналған арнайы кабинет, толық жабдықталған ас үй мен кең конференция залы бар. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер үшін 10 орындық жатын бөлме қарастырылған. Мұндай аналарға қауіпсіз ортада уақытша баспана беріліп, әрі қарай әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетіледі.
Қазіргі таңда орталықта 11 қызметкер еңбек етеді. Олар – психолог, әлеуметтік қызметкер, заңгер сынды мамандардан құралған кәсіби команда. Әрқайсысы өз саласы бойынша көмекке жүгінген жандармен жұмыс жүргізіп, жан-жақты қолдау көрсетуге тырысады.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»