30.05.2025, 22:00
Оқылды: 160

Бәйтерек ауданы: Зеленый ауылында жаңа медпункт пайдалануға берілді

Мичурин ауылдық округына қарасты Зеленый ауылының тұрғындары ескі ғимараттағы бір бөлмелі медпунктке қаралып келді. Енді ол күн келмеске кетті. Себебі ауылда заманауи емдеу орны ашылды.

IMG-20250530-WA0018

​«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындасында салынған бұл нысанның құрылысы былтыр күзде басталған еді. Оған ел қазынасынан 138,5 млн. теңге бөлінген.

IMG-20250530-WA0017
​-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауыл медицинасының ахуалын жақсарту туралы тапсырмасына сәйкес, облысымызда 50 нысан салу көзделген еді. Былтыр солардың 36-сы пайдалануға берілді. Биыл 14-інің құрылыстары жүруде. Сол 14-тің алғашқысы Бәйтерек ауданының Зеленый ауылында ашылуда. Осынау қуанышпен бөлісейік деп арнайы келдік. Бұл емдеу нысанның сапалы қызмет көрсетуіне, ауыл тұрғындарының денсаулықтарының жақсаруына тілектеспіз,-деді салтанатты ашылуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.

IMG-20250530-WA0014
Аудан әкімі Марат Тоқжанов атап өткендей, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Бәйтерек ауданында 12 меднысан салу жоспарланған. Былтыр солардың 8-і пайдалануға берілсе, қазір 4-інің құрылыстары жүруде. Солардың алғашқысы бүгін пайдалануға берілуде. «Енді зеленыйлықтар Дариянға, қалаға барып, уақытты, қаржыны шығындамай, осында қаралып, денсаулықтарын жақсартады деп ойлаймыз,» деді Марат Лұқпанұлы.
Бәйтерек аудандық №2 ауруханасының директорының міндетін атқарушы Ербол Сәрсенғалиевтің айтуынша, осындай шағын ауылдардағы медпунктте бір фельдшер болғанымен, аптасына бір-екі мәрте ауруханадан дәрігерлер келіп, кесте бойынша қабылдау жүргізіп кетеді.
Өз кезегінде сөз алған ауыл тұрғындары да осындай еңселі де әдемі нысанның салынғанына қуанышты екендерін айтып, ҚР Президентіне, облыс, аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді.

IMG-20250530-WA0012
Жалпы аумағы 261,8 шаршы метрді құрайтын ғимаратқа электр жарығы, су татылған, дербес жылу қазандығы орнатылған. Мұнда тіркеу, емшара, фельдшер, фильтр, екпе бөлмелері бар және қажетті медициналық құрал-жабдық, қондырғы, жиһаз және оргтехникамен жабдықталған.

IMG-20250530-WA0011

Мамандар ауылдағы 420-дан астам тұрғынға бұл емдеу орнының қызмет көрсетуге толық мүмкіндігі жетеді деп отыр.

Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале