Бүгін елімізде ел-жұртының болашақ қамы үшін тар жол, тайғақ кешуді бастарынан өткізген, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған күн. Бұл тағдыр тәлкегінде қатал да қасіретке толы күндерді еске түсіріп, ұрпақ санасынан өшірмей, батыр бабаларының ерліктерін үлгі тұтатын мезгіл. Дүние жүзінің кемпірқосақтай түрлі-түсті саяси картасында өз алдына мемлекет болып танылған Қазақстанның басынан көптеген соғыстар, шайқастар, көтерілістер, дүмпулер өтті. Осы тұрғыда ұлтымыздың санын едәуір азайтуға кесірін тигізген ашаршылық пен қуғын-сүргіннің нәубеті бір бөлек.

Кеңес Одағы тұсында қызыл коммунистердің солақай саясаты салдарынан миллиондаған адамдар жазықсыз жапа шекті. Олардың арасында болған қазақ елінің көрнекті ұлдары – Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхаметжан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Санжар Асфендияровтар да нәубет қаруының нысанасына ілінген болатын.
Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, ата-баба қасіреті ұрпақтарының мәңгі есінде сақталуда.

Одан кейін Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Санжар Ғұбайдуллин, Кенжебек Меңдалиев атындағы ОЖББМ тарих пәнінің мұғалімі Ахмет Өтешев, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары атынан Бисенғали Айтжанов сөз сөйлеп, Ғұбайдолла Әнесов көшесінің тұрғыны, еңбек ардагері Қазиуллин Жасталап өз көшесіне саяси қуғын-сүргін нәубетінің құрбаны болған Ғұбайдолла Әнесовтің кеудемүсінін қою туралы өз ұсынысын жергілікті әкімдік қызметкерлерінің қаперіне берді.

Нәубет жылдардың қасіреті қайталанбасын...
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы