Переметный ауылында «Кәсіптік бағдар – табысты болашақ кепілі» атты облыстық форум өтті.

Аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен болған іс-шараға М.Өтемісов атындағы БҚУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Асқар Аманбаев, Бәйтерек колледжінің директоры Гүлжанар Ғиылманова, Оралдағы А.Иманов атындағы жол-көлік колледжінің директоры Асан Мұстафин, Орал политехникалық колледжінің директоры Нұрболат Нұрпейсов қатысты.

Форумның шымылдығын ашқан аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Г. Рамазанова кәсіби бағдар берудің қазіргі қоғамдағы рөліне тоқталды. Одан кейін сөз алған әдістемелік кабинеттің әдіскері А. Ғұсманова Бәйтерек ауданындағы кәсіптік бағдар беру мамандарының сапалық құрамы мен осы оқу жылында жүзеге асырылған іс-шаралар туралы кең көлемде мәлімет берді.

Форум барысында аудан мектептерінің кәсіби бағдар мамандары да өз тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Дариян ЖОББМ-ның маманы В. Ажмұратова Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған кәсіби бағыт-бағдарға қатысты ойларын ортаға салып, жүргізілген сауалнама нәтижелерін ұсынды. Ал Жайық ЖОББМ-ның маманы А. Қуанышева қазіргі таңда жоғары оқу орындары мен білім гранттарына қатысты маңызды ақпараттармен бөлісті.
Содан соң колледж және ЖОО өкілдері өз мекемелеріндегі кәсіптік бағдар беру жұмыстары, болашақ мамандықтар бойынша оқыту ерекшеліктері және алдағы оқу жылындағы жоспарларымен бөлісті.

Форум аясында Бәйтерек колледжі, Орал политехникалық колледжі және А.Иманов атындағы жол-көлік колледжі мен аудан мектептері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде үйлестіріп, оқушылардың кәсіби бағдарлануына серпін бермек.
Ақмарал Ғұсманова
Бәйтерек аудандық білім бөлімі
әдістемелік кабинетінің әдіскері