31 мамыр – елімізде саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алатын күні. Бұл халық тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі болып саналады. Мыңдаған жазықсыз жандар соқыр саясаттың кесірінен қуғынға ұшырап, жер аударылып, өлім жазасына кесілді. Тарих беттеріне үңілетін болсақ, олардың арасынан зиялы қауым өкілдері, Алаш арыстарын, дін қызметкерлері мен қарапайым халық тұрғындарын көруге болады.

Бүгін «Жеңіс» саябағында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Азалы тарихқа – айрықша тағзым» атты мәдени шара өтті. Шараға Казталов ауылдық округ әкімі Ернар Ғалымов, , аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, ардагер Уәлиолла Әбішев, ауыл ақсақалдары және саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары қатысты.1920-1950 жылдары Кеңес Одағының миллиондаған адамы саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Оның ішінде қазақтың қаншама зиялы қауым өкілдері солақай саясаттың құрбандарына айналды.

Казталов ауданынан 103 азамат зұлматты жылдардың зардабын шекті. Аудан халқы кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеттерінен зардап кешкен құрбандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Жазықсыз құрбан болған жандардың есімі ұмытылмайды. Олардың ерлігі мен қайсарлығы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргетасы. Тарихтан тағылым алып, келешекке сеніммен қарау – баршамыздың азаматтық борышымыз.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы