2.06.2025, 15:30
Оқылды: 476

Ауыл шаруашылығы саласының энциклопедиясы жазылуда

Бүгін Казталов ауданына Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лавр Хайретденов келіп, жиын өткізді.

IMG20250602111924 (1)
Жиынға Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиев төрағалық жасап, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ілиясов, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, еңбек ардагерлері, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Жиынның күн тәртібінде Батыс Қазақстан облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласының энциклопедиясын жинақтап, басып шығару жөнінде мәселе талқыланды.
Жиында сөз алған Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лавр Рашидұлы болашақ энциклопедияны басып, шығаруға қатысты өз ойымен бөлісті.
— Біздер болашақ энциклопедия шығару жұмыстарын бастап кеттік. Бұл жинақта әрбір ауданның тарихы, ауыл шаруашылығына қатысты жер-су атаулары, ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолы және еңбегі еленбей қалған жандар туралы да мәліметтер жазылатын болады. Сол үшін облыста арнайы жұмыс тобы құрылды. Бірақ, барлық жұмыстар қаражатқа тірелетіні белгілі. Жұмыстарды жүргізуге демеуші бола алатын кәсіпкерлер мен шаруашылық жетекшілерін тарту керек. Қажет десеңіз, олармен келісім шарт жасауға даярмыз, - деді Лавр Рашидұлы.

IMG20250602111937 (1)
Мұнымен қоса, Лавр Рашидұлы облыста ауыл шаруашылығы музейін ашуды да жоспарлап жатқандары туралы мәлімдеді.
Жиында көтерілген мәселеге қатысты ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, құрылым басшылары ұсыныстарын білдірді.
Казталов ауданы бойынша да даярлық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі күнде ауданға еңбегі сіңген 400 адамның өмір деректері жинақталған. Бұл жұмыстарға аудандағы мұрағат, кітапхана, музей қызметкерлері қолдау көрсетіп, мәлімет жинастыруда.

Нұр Рахман,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале