Сұрақ-жауап:
– Жаз басталса болды, күннің көзі шақырайып, көшеде көз ашу мұңға айналады. Күн көзілдірігін кимесең, көздің өзі шаршап кетеді. Бірақ дүкен мен базарда сатылып жатқан арзан көзілдіріктердің бәрі бірдей пайдалы емес дейді, кейбірі тіпті көзге зиян келтіруі мүмкін екен. Ал бағасы удай қымбат бренд өнімдерін алуға екінің бірінің шамасы жете бермейді. Енді осы жерде сұрақ туындайды: сапалы, бірақ қалта көтеретін күн көзілдірігін қалай таңдаймыз? Қандай белгісіне қарап көзге қауіпсіз екенін білуге болады? Сондай-ақ шынымен де арзан көзілдіріктер көздің көру қабілетіне кері әсер ете ме?
Сапарғали Ғұбашев,
Орал қаласы
Оқырман сауалына жауап іздеп, қалалық №5 емханаға хабарластық. Аталмыш емхананың офтальмолог маманы Жазира Өмірзақ (суретте) төмендегідей ақпаратты ұсынды:

Күн көзінен қорғайтын қарапайым көзілдірік – сән үшін емес, көздің саулығын сақтау үшін қажет ең маңызды аксессуарлардың бірі. Алайда оны дұрыс таңдау – өз алдына бір ғылым. Бұл ретте окулист мамандардың кеңесіне жүгінген жөн. Сонымен, күн көзілдірігін сатып аларда неге мән беру керек?
Ең жақсы қорғаныс деңгейі – UV 400 немесе 380–400 нм деп көрсетілген түрлері. Мұндай көзілдіріктер ультракүлгін сәулелерден 100% қорғауды қамтамасыз етеді.

Сурет: pexels.com
Поляризациясы бар көзілдіріктер жарық шағылысын азайтып, контрастты арттырады, нәтижесінде көз аз шаршайды, көру қабілеті анығырақ болады. Бұл әсіресе көлік жүргізушілер мен ашық алаңда жұмыс істейтіндер үшін таптырмас шешім.
Поляризация — бұл жарықтың белгілі бір бағытта таралуын сүзгілейтін қасиет. Қарапайым тілмен айтқанда, поляризация – жарықтың көзге кері әсер ететін шағылысқан бөлігін жоятын технология.
Егер жоғарыда аталған талаптарға сай көзілдірік табылса – оны кез келген сенімді дүкеннен алуға болады. Ал егер көзіңізге арнайы линза қажет болса, оптика салондары арқылы тапсырыспен жасатқан дұрыс. Олар сіздің көру ерекшелігіңізге қарай бейімделіп жасалады.

Сурет: pexels.com
Күннен қорғамайтын, сапасыз линзалар керісінше зиян келтіруі мүмкін. Мұндай көзілдірік қараңғы болғандықтан қарашық кеңейіп, ультракүлгін сәуле ішке еркін еніп, көздің торлы қабығын, жанарын (хрусталик) зақымдауы мүмкін. Нәтижесінде көрудің нашарлауына, көз ауруларының өршуіне себеп болады.
Қорытынды
Күн көзілдірігін таңдауда тек сыртқы түрі мен сәніне емес, денсаулыққа әсер ететін нақты сипаттамаларына мән беріңіз.
Көз – адам ағзасының ең нәзік бөлшегі. Сондықтан оған арналған қорғаныс құралы да лайықты болуға тиіс.
Дайындаған Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»