10.06.2025, 15:00
Оқылды: 334

Тарих пен тағзым

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Бейбітшілікті қорғаған жауынгерлер» атты кітаптың салтанатты тұсаукесері өтті.

WhatsApp Image 2025-06-03 at 15.50.07
Кітап ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарт әскер тобының құрылғанына 80 жыл толуына орай шығарылған.
Тұсаукесер әскери салтанатпен ашылып, 5517-әскери бөлімі оркестрінің сүйемелдеуімен ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Мерекелік жиынға кітапханашылар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен қала қонақтары қатысты. Шарада сөз алған облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов бұл кітапты елге қызмет еткен ерлерге құрмет әрі жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызды құралы екенін атап өтті.
Кеш барысында ардагерлер мен қоғам қайраткерлері таныстырылып, салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. «Бейбітшілікті қорғаған жауынгерлер» кітабының тұсауын ардагер мұғалім Социал Пұсырман мен кітап ауторларының бірі Ұзақбай Жақсылықов кесті. Олар бұл құрылымның тарихи маңызы мен жауынгерлердің ел алдындағы ерлігін атап өтті.
– Кеңестік кезеңде Германия, Польша, Куба мен Моңғолияда әскери борышын өтеген қазақ жауынгерлері аз емес. Бұл сарбаздар тек соғыс ісімен шектелмей, барған елдерінде тұрақтылық пен бейбіт өмір орнатуға, тыныштықты қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Қарулы күш қатарында жүріп, дипломатиялық миссияны да қатар алып жүрді деуге болады. «Бейбітшілікті қорғаған жауынгерлер» атты бұл кітапты жазу үш жылға созылды. Бұл – тұтас бір дәуірдің шынайы шежіресі. Кітап екі бөлімнен тұрады: алғашқы бөлімде майдангер жауынгерлердің өмірбаяндары, олардың әскери жолы мен естеліктері қамтылса, екінші бөлімі – суреттер галереясы. Ол тұстағы әскери өмір, сарбаздардың тыныс-тіршілігі, тарихи сәттер осы фотодеректер арқылы оқырманға көрнекі түрде ұсынылады. Біздің негізгі міндетіміз – сол жылдары НАТО әскерімен тепе-теңдік ұстап, қарсы тұру болды. Иә, бұл бейбіт уақыт болатын, алайда сол бейбіт өмірдің тасасында қатер мен қауіпке толы қызмет тұрды. Бұл миссия оңай болған жоқ. Ресми деректер бойынша, сол елдерде қызмет атқарған 17 200 жауынгер түрлі жағдаймен қаза тапты. Сондықтан бұл кітап – сол боздақтарға тағзым, тірі ардагерлерге құрмет. Біз бұл еңбекті ешқандай демеушісіз, өз қаражатымызға шағын таралымда шығардық. Алдағы уақытта кітапты кең көлемде қайта басып шығару жоспарымызда бар. Өйткені болашақ ұрпақ осы тарихты білуі тиіс, – деді «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарт әскер тобы ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Ұзақбай Жақсылықов.
Іс-шара барысында жастарға үлгі ретінде ардагерлердің патриоттық бағыттағы өнегелі істері жайлы да айтылды. Осы орайда жас кітапханашылар сахнаға шығып, жауынгерлер рухына арналған өлеңдерін оқыды.
Шара соңында жүргізуші: «Кеңес әскерінің құрамында болған жауынгерлер Отан қорғауды басты парыз санады. Еліміздің тәуелсіздігі нығайып, жаңа буын қалыптасып келе жатқан шақта, әрбір жас сарбаз осындай ерлікке толы жолды мақтанышпен жалғастыруы тиіс. Әскер – абырой, патриотизм – міндет», – деп қорытындылады.
Салтанатты кеш әскери оркестр орындаған «Алматы» маршымен аяқталып, қатысушылар естелік суретке түсіп, тарихи күннің куәсі болды.

Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале