Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені. Оны қайда жүрсе де жүрегінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Осы орайда Жәнібек ауданына қарасты Тау ауылындағы Ғ.Абдуллин атындағы орта мектебін 1995 жылы бітірген түлектері туған жерге ту тігіп, ауылға «Рәміздер» аллеясын тарту етті.

Аллеяның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов қатысып, жерлестерді құттықтап, аллеяның құрылысына атсалысқан Талант Еслямов, Берік Ілиясов, Жайық Машанов, Жомарт Қыдырғалиев, Батыр Дауф, Еділ Сейтеков есімді түлектерге аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысхатын табыс етті.

Аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Бекбауұлы мен ауылдың мәртебелі ақсақалы Төлепқали Әзберген аллеяның лентасын қиды.
-«Туған өлкеміздің әр бұрышы біз үшін қасиетті мекен» демекші, ауылға әр беріп тұрған «Рәміздер» аллеясы менмұндалап бірден ерекше көзге түседі. Алыстан атақонысына бет алған азаматтың, не болмаса демалыс үшін келген жанның, сағынышын басып Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілігін оятатын еркеше алаң. Тәуелсіздігіміздің іргесі берік, ұлтымыздың абыройы биік болсын деген ниетпен аспан түстес көк туымыз бұлттармен таласа көкте желбіреп тұрса, еңсесі биік елтаңбамыз бен шабыт берер Мемлекеттік Гимніміз және Қазақстан картасы бейнеленген «Рәміздер» аллеясы әрбір ауыл тұрғындары жүрегіне мейірімділік нұры мен патриоттық сезімін сыйлайтын бірден-бір орын болып отыр. Аспанымыз ашық, халқымыз аман болсын, - деп, жылы лебізін білдірді аудан әкімі орынбасары.

Айтқандай, одан бөлек 2015 жылғы мектеп түлектері ауыл орталығында орналасқан саябақтың келушілеріне арнап тынығуға арналған орын жасап берсе, 2005 жылы аталмыш білім ордасын тәмамдаған мектеп түлектері ауылға бастайтын жолдың бұрылысына «Тау ауылы» белгісін орнатып, туған жерлеріне деген құрметтерін көрсетіп жатыр.
Бану Самат
Жәнібек ауданы