11.06.2025, 17:15
Оқылды: 285

Сырым ауданы: Еңбек энциклопедиясы жазылмақ

 

Батыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы ардагерлері ұйымының төрағасы Лавр Хайретдинов Сырым ауданындағы ауылшаруашылы өкілдерімен, музей, кітапхана қызметкерлері және журналистермен кездесті. Жиналысты Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов жүргізді. 

IMG_3218 (1)

Лавр Рашидұлының айтуынша, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы ардагерлері ұйымы өңірдің агро өнеркәсіп саласының тарихын кеңінен қамтитын энциклопедия шығаруға бастамашы болуда.

- Бұйырса туған өлкеміз үшін маңызды, тарихи жұмыс жасалғалы тұр. Ауылшаруашылығы саласының артында елдің еңбек тынысы, даму жылнамасы, мыңдаған жанның қажырлы еңбегі бар емес пе?! Соларды жинап, жүйелеп, анықтамалыққа айналдыруымыз қажет. Күні бүгінге дейін облыс аудандарынан бірқатар материалдар жинақталды. Ақпараттарды өңдеп, энциклопедия дайындау үшін журналистердің жәрдемі керек-ақ. Орал қаласынан ауылшаруашылық музейін ашу да жоспарымыз бар. Жәдігерлер жиналуда. Ортақ істі бірге тындырайық, - деді Лавр Хайретдинов төл жобасы туралы.

Әрине, жазу адамы әрі уақыт шежірешісі - газет өкілі ретінде Батыс Қазақстан облысында агро сала бойынша кітап дайындалғалы жатқанын риза кейіппен қабылдадық. Жұрт заманға ілесеміз деп сайт ашып, подкаст түсіріп, әлеуметтік желідегі бейнелерін брендке айналдырамыз деп жүрген кезде Лавр Хайретдинов мырзаның ескі күннің еңбеккерлерін іздеуі, тарихты қағазға хаттауға ынта білдіруі көңілді қуантады. Бұл жерде екі мәселе - ақпаратты жинақтап, редакциялаушы ұжымның зейіні, көз майының құны мен баспа ісінің қаражаты қол байлау болуы ықтимал. Қалғаны қозғалып кетсе, жүретін іс.

IMG_3231

С. Датұлы атындағы тарихи - өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбай ауылшаруашылық саласын тың игеру кезеңінен бастап жазуға болмайды, қазақтың дала шаруашылығының тарихы тым әріде дейді. Диірмен де, орақ та - сол саланың “еңбеккерлері”. Сондықтан, агрошежірені тереңнен бастап жазу, заманында бағасын ала алмаған еңбек адамдарын көрсету туралы пікір білдірді.

Сырым ауданы әкімінің орынбсары Қайрат Төлепов бастаманың дәл мезетінде қолға алынғанын атап өтті және қолдау шараларын ұйымдастырамыз деді.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале