11.06.2025, 18:00
Оқылды: 308

Жанын жырмен жұбатқан жан

Өмір дегеннің өзі  - керемет жұмбақтарға толы алаң секілді. Қасыңда жүрген жандардың жанына үңілуге де мұрша жоқ, сыртынан ғана сыйласып жүре береміз-ау! Жақында әдетімізше әлеуметтік желіні ақтарып отырып, ғажайып бір бейнежазбаны көрдім... Жиналған елдің алдында бір келіншек өлең оқып тұр. Әдебиетші ретінде «кімнің өлеңі  екен?» - деген оймен құлағымды түрсем, ол өзінің өлеңдерін оқып тұр екен. Ал өлеңді оқып тұрған жан - менімен бірге бір мектепте қызметкер болып жұмыс жасап жүрген Нұрсұлу есімді замандасым. Керемет емес пе?! Жырларына жаным жадырап, қуанғаным сонша – ертеңіне сол жанмен кездесуге асықтым. Адамдардың бір – бірінен рухани алыстап, жылылықтан гөрі жымысқы ойларымен шағып алуға әзір тұратын заманда жанын жырымен жұбатқан замандасыммен оқырман қауымды таныстыруды жөн көрдім.

WhatsApp Image 2025-06-11 at 18.26.16

Нұрсұлу Рахметоллақызы Қисымова 1975 жылы 17 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Бірлік  кеңшарының Карташов бөлімшесінде Рахметолла әке мен Залия ананың көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі ауданымыздың орталығы саналатын Қисыққамыс топырағында туып, өссе, анасы Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданының тумасы екен. Отбасында екі қыз, төрт ұл -  алты ағайынды. Карташов бастауыш мектебінен 3 - сыныпты аяқтап, 1986 - 87 жылдары Жаңақала орта мектебінде, 1988 - 92 жылдары Кармановка орта мектебінде оқып, сол мектептен түлеп ұшқан.

Бүгінде марқұм болған жолдасы Күнғалиев Байсерікпен 1996 жылы тұрмыс құрып, өмірге екі ұл әкеледі.Ұлдары Нұрберген мен  Нұртілеу екеуі де - жоғары білім алған жас  мамандар. Келін түсер уақыттың  жақындап  келе жатқанын да ана жүрегі  сезеді. «Өмірдегі мақсатым – Алла амандығын берсе,  осы ұлдарымнан адал,  үлкен азамат шығару. Аяқтандырып, немерелерімді саналы азамат, азаматша санатында тәрбиелеу», - дейді Нұрсұлу Рахметоллақызы

Әңгімеміз өлеңге ауысқан кезде: «Өлеңді 6 - сыныптан жаздым. Ұстазым марқұм  Халида Ишанқызы Ақжанованың еңбегі көп еді. Мектепішілік,  аудандық  шаралардан қалдырмайтын. Мектепте жазған өлеңдерім жоғалып кетіп, содан кейін өлең жазбай қалдым. Тұрмыс құрған соң,  ата – ене, бала,  үй шаруасы деп жүргенде өлеңге уақытым болмапты. Қазіргі уақытта ойыма келген шумақтарды қағазға жазып жүремін – деп, ойын сабақтады Нұрсұлу, - Маған шабыт  көңіл-күйіме байланысты келеді. Әсіресе өнерді бағалайтын  түсінігі мол адамдармен кездескен кездерде, әсіресе кішкентайымнан бірге өскен сыныптас құрдастарымның ортасында отырғанда өлеңдерімді  еркін  оқимын», - дейді.

WhatsApp Image 2025-06-11 at 18.26.59

Мектепте белсенді болып, сабақты жақсы оқығанымен, отбасы жағдайына байланысты жоғары білім алуға мүмкіндігі болмаған Нұрсұлу замандасымыз: «Егер кезінде орта мектептен соң, білім алу жолымды  жалғастырып, жоғары білім алсам,  қазір мүмкін басқаша болар ма еді деп те кейде ойлаймын», - деп өзегіндегі өкінішін де айтып қалды. Өзінің өмірі өзі ойлағандай әдемі болмаса да, жанының жарасына өлмес өлеңнің  өлкесінен ем іздеген замандасымның  оңаша ойдың орманында орамды ұйқастарға ұйыған әдемі өлеңдерін оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік. Кәсіби маман болмаса да, көрікті ойының көрігін көркем сөздің қызуымен қыздыра білген бір қызымыздың өнеріне тәнті болайық, ағайын!

Рая Жұмағалиева,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале